Спортты серік еткен ардагер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Спортты серік еткен ардагер

12.04.2014
Спортты серік еткен ардагер
Ардагерлер әлі сапта. Оралдық соғыс ардагері Григорий Шишонков туралы осылай деуге болады. Спортты серік етіп, түрлі сайыстарда топ жарған ақсақал өнерден де құр алақан емес. Сегіз қырлы бір сырлы майдангер 17 жасында майданға аттанып, жеңіспен оралды. Қарт барлаушының қазіргі тұрмыс-тірлігі қалай, бұл жайында тілшіміз біліп қайтты.
 
Григорий Шишонков, бұл аккордеонды сұрапыл жылдарды еске алған айрықша сәттерде ғана қолға алады. Өйткені, оны қария соғыс олжасы ретінде майданнан әкелген еді. Содан бері «Вельтмейстер» үйдің төрінен берік орын алған. Музыкалық қабілетімнің арқасында радистің қызметін мүлтіксіз атқардым, дейді ардагер. Ол кезде дыбыс пен әуенді қабылдау қасиеті әскери радистке қойылатын басты талаптың бірі еді.
 
Григорий Шишонков, соғыс ардагері:
Жау тылына еніп, оның бар құпиясын білу оңай шаруа емес. Бұл жауынгерден ерекше ептілікті, төзімділікті, батылдықты талап етеді. Біз штабқа неміс әскерлерінің орналасуы, қозғалуы, зеңбіректер мен қоймалардың тұрған жерлерін хабарлап отырдық. Ол кезде мен 17-де едім.
 
Елге оралған соң майдангер, еңбекке араласты. Ал, зейнеткерлікке шыққаннан соң ұзақ жыл көркемөнерпаздар ұжымына жетекшілік етті. Қарияның тағы бір қыры, қай кезде де спорттан қол үзген емес. Сондықтан 4 ордені мен медальдары, спорттық сайыстарда ұтқан алқалармен салмақтана түскен.
 
Григорий Шишонков, соғыс ардагері:
Спортпен шұғылданған жанның өмірде алатын биіктерінің жоғары екеніне сан мәрте көзім жетті. Қан майданнан аман оралуым да спорттың арқасында деп есептеймін. Спорт - денсаулық. Бақытты жанұя болудың кілті де спортта.
 
17 жасында ГТО нормативін орындап, «Ворошилов атқышы» атанған Григорий Шишонков 90 жасында да тың. Қыста шаңғы теуіп, жазда суда жүзіп, өскелең ұрпақты салауаттылыққа тәрбиелеуді ұмытқан емес.
 
Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу