Шығыс Қазақстанда кәсіпкерлерге кедергі келтіргендер анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда кәсіпкерлерге кедергі келтіргендер анықталды

14.04.2014
Шығыс Қазақстанда кәсіпкерлерге кедергі келтіргендер анықталды
Шығыс Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамытуға көпе-көрнеу кедергі келтіріп, кәсіпкерлерді аяқтан шалатын мемлекеттік органдар көп. Бұл жөнінде облыстық прокуратураның жиынында айтылды.
 
Прокурорлар, осы өңірдегі Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, кәсіпкерлікті қолдау туралы заңнаманың қолданылуы бойынша арнайы тексеру жүргізіпті. Нәтижесінде, тек осы жылдың 3 айында 35 заңбұзушылық анықтаған.
 
Мысалы, облыстық Сәулет-құрылыс бақылауы мен лицензиялау департаменті кәсіпкерлерді шетінен әкімшілік жауапкершілікке тартуды әдетке айналдырған. Ал, бірнеше аудандағы мемлекеттік органдар өтініштерді қарау және оларға жауап беру жөніндегі уақытты өздері белгілеп алған.
 
Мәселен, Заң бойынша, жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру және рәсімдеу жөніндегі мемлекеттік қызмет түрі 6 жұмыс күнінде көрсетілуі тиіс.
Ал, Тарбағатай ауданында аталған қызмет түрі 21 күн ішінде көрсетіліп келген. Бұдан бөлек, түрлі шараларды өткізу үшін кәсіпкерлерді демеуші болуға мәжбүрлеген деректер де әшкереленді.
 
Нұрлан Бижанов, облыс прокурорының орынбасары:
Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Бектұрғанова кәсіпкерлерді меморандумға қол қоюға мәжбүрлеген. Мерекелік шараларды өткізу үшін олар ерікті түрде өздерінің ақшаларын аударуы қажет болған. Соған байланысты біздің тарапымыздан тексеру жүргізілді. Бектұрғанова тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу