Еліміздегі Азаматтық іс жүргізу кодексіне өзгерістер енгізіледі. Жаңа заң жобасы Шымкентте өтіп жатқан аймақтық семинарда талқылануда. Алты облыстың сот өкілдері мен заңгерлері қатысқан жиында жарты ғасырдан астам уақыт қолданыста жүрген заңның негізгі қағидалары сөз болды.
Мамандар заңдардың басым көпшілігі өзгермейді, тек заман талабына сай қосымшалар енгізіледі, дейді. Сондай-ақ, тәжірибесі озық Ресей, Германия сынды елдердің құқықтық реформалары негізінде жасалған тармақтар да қосылады.
Бұдан бөлек, дайындалып жатқан заң жобасында азаматтарды сотқа дайындау және баж салығын реттеу мәселелері де қарастырылған. Шағымданушы жақтарды сотқа дейін мәмілеге келтіру де басты назарға алынған. Азаматтардың сауаттылығын арттырумен қатар, судьялардың жауапкершілігін күшейту де көзделіп отыр.
Атап айтқанда, азаматтық іспен айналысып жатқан сот өкілі жұмысына салғырт қараған жағдайда жауапқа тарту мәселесі қарастырылады. Талқылаулар желтоқсан айына дейін жалғасады. Одан соң Мәжіліске ұсынылуы тиіс.
Бағлан Мақұлбеков, ҚР Жоғарғы сотының судьясы:
Қоғамда болып жатқан өзгерістерге байланысты жаңа заңдар қабылданып жатыр. Болашақта кодекс қандай болуы керек? Кодексте халықаралық стандарттардың нормаларын енгізе отырып, Қазақстанның дамуына сай келетін, менталитетіне сай келетін нормаларды кіргізіп отырмыз.
Сәттар ЕСЕНБЕКОВ