Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексін жетілдіру қажет. Осыған байланысты жаңа заң жобасы көпшіліктің талқылауына ұсынылды. Петропавлда - Астана, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысының судьялары мен адвокаттар, үкіметтік емес ұйым мүшелері бас қосып заңның редакциялық нұсқасына өзгертулер енгізу жайлы ұсыныстары мен тілектерін ортаға салды.
1999 жылы қабылданған заң актісіне бұған дейін бірнеше рет толықтырулар мен өзгертулер енгізілген. Осыған орай, Елбасы судьялардың VI съезінде жаңа кодекс әзірлеуді тапсырған болатын.
Енді, жаңа заң жобасы бекітілсе, азаматтық істерді қарау барысында судьяға ерекше рөл беріледі. Сондай-ақ, істі сотқа дейін шешу бойынша да бірнеше тармақ енгізіледі. Ең бастысы, істі қарау барысында тараптарды татуластыруға да ерекше мән беріледі.
Ерғали Ізтаев, Ақмола облыстық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотының судьясы:
Экономикалық соттарда қарайтын дауларда тараптардың өз шарттары бар. Қабылдайтын міндеттемелер мен дәлелдемелер қағаз жүзінде беріледі. Онсыз қабылданбайды. Сондықтан, экономикалық сотта хаттама керек емес, себебі, дәлелдемелер істің өзінде бар. Қағаз жүргізу көп уақыт алады.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ