Қызылордада уланған сарбаздардың саны 50-ден асты (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада уланған сарбаздардың саны 50-ден асты (толығырақ)

15.04.2014
Қызылордада уланған сарбаздардың саны 50-ден асты (толығырақ)
Кеше хабарлаған Қызылордадағы 55/47 ішкі әскер бөлімінде ұшынған сарбаздардың саны бүгін 52-ге жетті. Қазір олар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдауда. Естеріңізге сала кетейік, 2 күн бұрын аталмыш бөлімде азаматтық борышын өтеп жүрген 36 жігіт ауыр халде ауруханаға жатқызылған болатын. Кеше олардың саны 47 болса, бүгін тағы төрт азамат ішек инфекциясы диагнозымен емдеу орнына жіберілді.
 
Әскери бөлімдегі медициналық бекетте жедел ішек инфекциясының белгілері анықталған 17 сарбаз оқшауланды. Оларды облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлері бақылауға алып, тиісті ем-дом жасауда.
 
Күміскүл Сматуллаева, инфекционист-дәрігер:
Бүгін таңда төрт науқасты ауруханаға жолдадым. Қалғандары осы жерде. Орта дәрежелі ауырлықта, жеңіл түрде өтіп жатқан ауру. Сондықтан да бұл жерде қазір толық ем қабылдап жатыр.
 
Тосыннан келген дерттің әскери борышын өтеп жүрген басқа да азаматтар арасында таралып кетпеуі үшін сақтық шаралары күшейтілді. 
 
Александр Катрук, эпидемиолог:
Әзірге сарбаздардың неден уланғанын кесіп айтуға ерте. Сараптамалардың нәтижесі дайын емес. Қазір аурудың өршуіне жол бермеу шараларын жасаудамыз. Дерт белгілері анықталғандарды оқшаулап, медициналық көмек көрсетіп жатырмыз. Негізі құбырдағы суық сумен жуыну арқылы жұққан болу керек. Ішкі істер департаментінің санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау тобы су сынамаларынан ауру қоздырғыш бактерияларды анықтағаны белгілі.
 
Ал асхана меңгерушісінің айтуынша, сарбаздардың астан улануы мүмкін емес. Өйткені, азық-түліктің сақталуы мен санитарлық талаптардың орындалуы қатаң қадағаланады.
 
Айта кетейік, жергілікті билік сарбаздардың улануы судан емес деп мәлімдеген болатын. Бірақ, әскери бөлімдегілер облыстық Ішкі істер департаментінің санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау тобы жасаған сараптама нәтижесін негізге алып, мұнымен келіспей отыр. Сынама қорытындысына сенсек, тексеруге тапсырылған судың құрамындағы қауіпті микробтар мөлшері өте көп көрінеді. Барлық тексеру шараларының қорытындысы шыққан соң ғана дерттің неден шыққаны ресми түрде жарияланады.
 
 
Гүлжан ОМАРОВА

Хабарламаларға жазылу