Малазиялық стайер Сууайба Мохд Насир әйгілі саяхатшы Марко Полоның ізімен Жібек жолының бойымен жүгіріп өтпекші. Ұзақ сапарын 30 наурызда Бейжің қаласынан бастаған 41 жастағы жеңіл атлет бүгін Шымкентке жетті.
Қаланың көрікті жерлерімен жүгіріп өткен спортшыға жергілікті желаяқтар мен велосипедшілер де қосылды. Шаһар тұрғындары да жол бойында тұрып, қол соғып қошеметтеумен малазиялық әйелге қолдау көрсетті.
Марафоншы ұзақ жолға арнайы топпен бірге шыққан. Оның жанында дәрігері, жол көрсетушісі бар, барлығы 11 адам жүр. Олардың қауіпсіздігі мен шекарадан өтуіне біздің елдің құзырлы орган өкілдері қолдау көрсетпекші.
Марафоншы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен де кездесіп, ой бөлісті.
Сууайба Мохд Насир, марафоншы:
Бұл сапарға мен ұзақ уақыт дайындалдым. Бастамасы жаман емес. Қазақстан маған ұнады. Адамдары өте қонақжай екен. Ендігі кезекте Өзбекстан арқылы жүгіріп өтіп, бас-аяғы 13мемлекетті аралап шықпақпын. Соңғы аялдама Италияның Венеция қаласы болады.
Айнұр АҚБАЕВА