Қарағандыда кәмелеттік жасқа толмаған қыздарды саудалағандар ұсталды. Облыстық Ішкі істер департаменті Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері жеткіншектерді саудалаған 47 жастағы ер адам мен оның 19 жастағы сыбайласын қылмыс үстінде қолға түсірді.
Полицейлердің айтуынша, 13 және 14 жастағы екі қыз баланы құлдыққа өткізбекші болғандар туралы жедел ақпарат түскен. Күдіктілер келісіп жатқан жерінде ұсталды. Арам ақшаға құныққандар бір қызды 130 мың теңгеге бағалаған.
Ер адам «жеңгетайлығы» үшін бұған дейін де бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған, ал оның сыбайласы ішкі істер бөлімінде есепке алынған. Кінәлілер енді кәмелеттік жасқа толмағандарды саудаға салу бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Жанатай Сембеков, ІІД бөлім басшысы:
Саудаланбақшы болған қыздар жағдайы жақсы отбасынан. Бірақ қаңғырумен айналысып жүріп осындай жайтқа ұрынған. Бүгінгі таңда күдіктілер уақытша оқшаулағышқа қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ