«Бірлестік» ассамблеясы ұлттар татулығын мектептер бастап насихаттайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Бірлестік» ассамблеясы ұлттар татулығын мектептер бастап насихаттайды

17.04.2014
«Бірлестік» ассамблеясы ұлттар татулығын мектептер бастап насихаттайды
Еліміздегі сан алуан ұлттар мен ұлыстардың бір-біріне деген сыйластығы мен өзара татулығын өзге мемлекеттер үлгі-өнеге тұтып отыр. Бұрыннан қалыптасқан бұл тамаша дәстүр кейінгі ұрпақ үшін де тәлімді тәрбиенің бір тармағына айналып келеді. Мектеп жанынан да ассамблеялар құрылып, жұмыс істеуде. Солардың бірі  Ақмола облысы Бұланды ауданындағы мектеп-гимназияда орналасқан.     
 
Бұланды ауданына қарасты Макинка қаласындағы мектеп-гимназияның жанынан ашылған «Бірлестік» ассамблеясының жұмыс істеп тұрғанына 3 жылдан асты. Мақсат - ұлттар арасындағы достық, татулық пен өзара сыйластыққа балаларды мектеп жасынан тәрбиелеу. Бұл қоғамдық ұйымға білім ұясындағы   жоғары сынып оқушыларының бәрі бірдей мүше болып отыр. 
 
Александра Турнаева, 10-сынып оқушысы:
Біз Қазақстан халқы Ассамлеясының құрылған күнін жыл сайын атап өтеміз. Онда әр сынып бір ұлтты таңдап, салт-дәстүрін, ән-биін, ұлттық тағамын таныстыруы қажет. Сынып оқушылары таңдаған ұлттың киім-кешектерін киюге міндетті. Сондай-ақ, тоғызқұмалақ, күрес секілді ұлттық ойындарды ұйымдастырамыз. Фестиваль бізге қатты ұнайды.
 
Жалпы Бұланды ауданында бірлігі мен тірлігі жарасқан 28 ұлттың өкілдері тұрады. Ал аталған мектеп гимназияда 12 ұлттың баласы білім алуда.
 
Зияда Мағзұмова, «Бірлестік» мектеп ассамблеясының жетекшісі:
Мектепке Ассамблея әрине қажет. Түрлі ұлттың балалары мұнда өзара тіл табысуды, тату-тәтті өмір сүруді үйренеді.
 
Бұланды ауданы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақмола облыстық филиалына 3 адам мүше. Солардың бірі - Якуб Кусиев. Ол Ассамблеяның ұлттар достығын нығайтуға септігі зор дейді.
 
Якуб Кусиев, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының мүшесі:
Жалпы біз өзге ұлттармен өте тату-тәтті ғұмыр кешудеміз. Еш проблема жоқ, ал елдегі татулық пен ұлтаралық достыққа балаларды мектеп жасынан бастап тәрбиелеу дұрыс қадам.
 
«Бірлестік» мектеп Ассамблеясының жас белсенділері бүгінде 1 мамыр, яғни Қазақстан халқының бірлігі күніне дайындық үстінде. Олар мерекеге орай   елдегі татулықты кеңінен дәріптейтін концерттік бағдарлама ұйымдастырамыз дейді.  
 
 
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу