Әдетте қоқысқа тасталатын картон қорапты көкшетаулық тұрғын кәдеге жаратып жүр.Гүлнәр Шаяхметова одан бұйым жасайды.
Гүлнәр Шаяхметова кезінде теміржолда жүк тасымалдайтын фирманы басқарды. Алайда, 2009 жылы кәсіпорын тоқырауға ұшырап, жұмыссыз қалды. 50-ден асқан әйелді көп мекемелер қызметке алмады. Бірақ, бұған мойымаған кейіпкеріміз ешкімге алақан жаймай, ұлттық өнерді қолға алды.
Гүлнәр Шаяхметова, қолөнер шебері:
2009 жылы жұбайымның мерейтойын мейрамханада өткіздік. Соған тойбастар дайындадым. Туысқандарға ұнап, маған ұсыныс тастады. Содан бастадым.
Гүлнәр секілді қолөнер шеберлерінің арқасында тойбастар тартуының заманауи үлгілері пайда болды. Ұлттық нақышта безендірілетін бұл бұйымдардың әрқайсысын жасауға кемінде жарты күн кетеді.
Гүлнәр Шаяхметова, қолөнер шебері:
Әртүрлі заттардың кейпінде жасауды сұрайды. Сұраныстары бойынша жасауға тырысамын.
Дайын болған тойбастар тартуын Гүлнәр дүкендер мен базар арқылы алушыларға ұсынады.
Тәттігүл Шауырбекқызы, сатушы:
Бізге әкелген тойбастарларды осы жерде сатамыз. Сұраныс жақсы, тез өтеді.
Қазір қазақ тойларының қайсысын алсаңыз да тойбастарсыз өтпейді. Ал, Гүлнәр Шаяхметова болса тойбастар кәдесыйын жасау арқылы ұлттық дәстүрімізді жаңғыртуға атсалысып жүр.
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ