Ақтөбеде «Сауап» атты орталық жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде «Сауап» атты орталық жұмыс істейді

18.04.2014
Ақтөбеде «Сауап» атты орталық жұмыс істейді
Ақтөбеде «Сауап» деп аталатын орталық жұмыс істейді. Бұл ұжым  4 жылдан бері көмек сұрай келген мүмкіндігі шектеулі жандарға қолұшын берумен айналысып келеді. Қаржылай немесе кеңеспен емес, еңбекке бейімдеп, өз нәпақасын табудың нақты жолын көрсетеді. Осында көмек сұрап келгендердің барлығы тұрақты жұмысқа орналасты.
 
Әйгерім - әкімшілік көмекшісі. Жөн сұрай келгендерге жол сілтеп, кезекшілікті де атқару Әйгерім үшін түк емес. ІІ топтағы мүгедек қыз дертіне шипа болатын еңбек екенін айтады.
 
Әйгерім Өтешова, ІІ топтағы мүгедек:
Менің зейнетақыма аз да болса, жалақы қосылады. Үйде отырсам, ақшаны кім береді маған? Еңбектенудің өзі бізге пайдалы. Масыл болғаннан жұмыстан шаршағанымыз жақсы. Біреулерге көмегімізді тигіземіз.
 
Жаны тыныштықты қалайтын Дәулет те бос отырмайды. Аяқ киім желімдейді, сырмасын салып, табанын тігеді. Жарымжанмын деп бос отырған жоқ. Етікшілікті лезде меңгерген ол өз ісіне мұқият. Күніне 2-3 аяқ киім жөндейді.
 
Дәулет Галеев, І топтағы мүгедек:
Мына жерде жазылған қызмет түрлерін көрсетемін. Күніне үйге бір-екі мың теңге ала барамын. Жуырда кішкентайлы болдым. Әйелім мен балам үшін еңбек етуім керек.
 
Орталыққа келген мүгедектердің бірі тіс емханасына, енді бірі көлік жөндейтін, электр жабдықтарын жөндеу цехтарына орналасты. Икемі мен ебіне қарай жұмыс табылды. Орталық мүмкіндігінше барлық мүгедектерді еңбекпен қамтуға ынталы.
 
Бауыржан Құрманқұлов, Өндіріс және медициналық орталығының басшысы:
Президентіміздің халыққа Жолдауынан кейін жер-жерлерде бірінші кезекте мүгедектерге көмек көрсету қолға алынды. Біз соған қуаныштымыз.
 
Мүгедектерді еңбекпен қамту - тек мемлекеттің ғана міндеті емес. Оған барша қазақстандық атсалысуы қажет. Сауап орталығының басты ұстанымы көмек сұрай келгендерге «Балық емес, балық аулайтын қармақ беру». Сөйтіп, ортаға бейімдеп, еңбектенуге қолдау көрсету.
 
Әлия ТАЛАСОВА

Хабарламаларға жазылу