Атырау облысындағы пойыз апатының себебі бір аптада анықталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысындағы пойыз апатының себебі бір аптада анықталады

20.04.2014
Атырау облысындағы пойыз апатының себебі бір аптада анықталады
Атырау облысында болған теміржол апатының нақты себебі енді бір аптадан кейін белгілі болады. Ал дәл қазір зардап шеккен жолаушылардың өміріне еш қауіп жоқ. Бұл туралы Атырау қаласында өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды. 
 
Кеше Астана уақытымен 17:30 шамасында Алматыдан Атырауға бағыт алған жолаушылар пойызы Атырау облысы Мақат ауданының орталығынан 50 шақырым жердегі Кенбай және Жантерек станциялары аралығында рельстен шығып кеткен болатын. Төтенше жағдай салдарынан пойызда келе жатқан 800-ге жуық жолаушының алпыстан астамы түрлі дене жараққаттарымен ауруханаға жеткізілді. 
 
Апат болған соң, дәрігерлер және құтқарушылар бригадасы дереу құрылып, олар зардап шеккендерге уақытылы көмек көрсете білді. Ондаған жедел жәрдем көлігі, екі тікұшақ, жүздеген адам өздеріне жүктелген міндетті тез, әрі тиянақты орындады. Мақат аудандық ауруханасында жиырмадан астам адамға амбулаториялық көмек көрсетілді.
 
Сина Гасанова, жолаушы: 
Вагонның дәлізінде тұр едім. Кенеттен дәл біздің 15-вагон рельстен ауытқып, аударылды. Вагондағы жігіттер абдырамай, барлығын далаға шығара бастады. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары да оқиға орнына тез жетті. Бірнеше жедел жәрдем көлігі де келді.
 
Гүлзи Нұғманова, жолаушы:
Стоп кранды біреу басып қалды дейді. Содан тарс-тарс ете қалды. Мен жер сілкінісі деп ойладым. Рахмет. Аман болсын. Көмектесті әйтеуір бәрі бір кісідей болып.
 
Ал облыстық ауруханаға 6 адам жеткізілді.
 
Бекболат Қуанышев, травматолог-дәрігер:
Әрбір науқасқа психологтар келіп, сөйлесіп, жүйкелерін тыныштандырып жатыр. Алғашқы керек мамандандырылған көмектің барлығы көрсетіліп жатыр. Өмірлеріне қауіп жоқ.
 
Болғанай Үсенова, жолаушы:
Қолынан келген көмектің барлығын жасап жатыр. Рахмет. Барлығына мың да бір алғыс айтқым келеді. Мен бұлай болмаса, түсінбес едім. Шын мәнісінде, барлығы жүгіріп жүр, өзінің қызметін атқарып жатыр.
 
Теміржол мамандарының мәлімдеуінше, қазіргі уақытта апаттың нақты себебін анықтайтын арнайы комиссия құрылды. Ол, төтенше жағдайдың себебін бір аптаның аралығында анықтауы тиіс.
 
Келтірілген материалдық шығын да сол кезде белгілі болады. Қазіргі уақытта басқа пойыздардың жүруі тоқтатылмауы үшін бұзылған 325 метр теміржол бөлігі жөнделіп, аталған бағыттағы қозғалыс қалпына келтірілді.
 
Жәнібек Жүнтербаев, Атырау магистральді желі бөлімшесінің бас инженері:
Қазір жүргізіліп жатырған тергеу комиссиясының қорытындысы бойынша шешім қабылдайды. Бізде соны тексеретін мамандар бар. Сол мамандардың шешімімен анықталады. 3-7 күннің аралығында шешіледі. 
 
Батырбек Қуандықұлы, тілші:
Бүгін таңға жақын Атырау облысында жолаушылар пойызының қозғалысы толық реттелді. Сағыз-Мақат учаскесіндегі жол қозғалысы қалпына келтірілді. Кешегі төтенше жағдайдан соң, он жолаушылар пойызының кестесі өзгертілген болатын. Жалпы, қалпына келтіру жұмыстарына 218 жұмысшы, 2 арнайы пойыз және 25 техника жұмылдырылды. Ал, қазір  өздеріңіз көріп тұрғандай, Мақат станциясына пойыздар кесте бойынша, уақтылы келіп-кетіп жатыр.
 
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу