Астаналық 1-сынып оқушысының қалтасындағы ұялы телефон жарылып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астаналық 1-сынып оқушысының қалтасындағы ұялы телефон жарылып кетті

23.04.2014
Астаналық 1-сынып оқушысының қалтасындағы ұялы телефон жарылып кетті
Астанада телефон жарылып, 7 жастағы қыз жарақат алды. Оқыс оқиға дүйсенбі күні болған. Оқушы қыздың қалтасындағы «Samsung Galaxy S2» маркалы ұялы телефон кенеттен өртеніп, салдарынан оқушы ауруханадан бір-ақ шықты.
 
Оқиға дүйсенбі күні кешкі сағат 6-лар шамасында болған. Аулада ойнап жүрген қыздың кенеттен қалта телефоны жарылады. Кейін шалбары өртенеді. Сол мезетте, қасындағылар көмекке асығып, дереу шалбарын шешкен. Алайда, онымен бірге қыздың терісі де сыпырылып түскен
 
Жарылқасын Қуанышбекұлы, Астана қаласы №2 балалар ауруханасының жарақат бөлімінің меңгерушісі:
21 сәуір, сағат 20.00-де жеті жастағы бала біздің ауруханаға түсті. Ол күйік жарақатын алған. Күйік көлемі - 3 пайыз. Келесі аптада оған жоспарлы операция жасалады. Бұрын телефоннан жарақат алды деген болмаған.
 
Сондықтан, бұл оқиға жас қыздың ата-анасын да есеңгіретіп тастады. Қызының психологиялық жағдайына алаңдаған олар арнамызға сұхбат беруден бас тартты.
Мамандардың айтуынша ұялы телефонның жарылуына қуат көзі себеп болуы мүмкін.
 
Еркін Ақпанбаев, IT маманы:
90-95 пайызы аккумулятордан болады.
 
Ал, «Samsung» компаниясы өкілдерінің айтуынша, жарылған телефон жасанды көшірме болуы мүмкін. Сондықтан, зардап шеккен қызға барлық жағдайды жасап, қолдан келген көмекті аямаймыз, дейді.
 
Алиса Беспалова, «Samsung» компаниясының менеджері:
Қыздың ата-анасымен хабарласып тұрмыз. Емделуге кететін барлық шығынды өз мойнымызға алдық. Жарылған телефон біздің мамандарымыздың қолына түскеннен кейін тергеуді бастаймыз.Мамандардың болжамынша, ол телефон жасанды көшірме болуы мүмкін.
 
Зардап шеккен оқушы енді 2 аптадан кейін үйіне шығарылады. Дәрігерлердің айтуынша, 7 жастағы қыздың өміріне төніп тұрған еш қауіп жоқ.
 
Айдана ҮСЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу