Исатай аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы Алтынбек Құбайдуллиннің өлі денесі табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Исатай аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы Алтынбек Құбайдуллиннің өлі денесі табылды

28.04.2014
Исатай аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы Алтынбек Құбайдуллиннің өлі денесі табылды
Атырауда жемқорлыққа қатысты айыпталып, ұсталған Исатай аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы Алтынбек Құбайдуллиннің өлі денесі табылды. 32 жастағы полиция майорының денесін Атыраудағы салынып жатқан құрылыстардың бірінде асылып тұрған жерінен тапқан.
 
Оны өткен аптада ғана браконьерлерден қара уылдырық пен 250 мың теңге пара алып жатқан жерінен Қаржы полициясының қызметкерлері ұстаған болатын. Кейінірек тергеу кезінде Құбайдуллиннің денсаулығы сыр беріп, ауруханаға жатқызылған. Тиісті ем-дом алған соң ол ауруханадан қашып кетті, деген хабар тараған еді.
 
Полиция қызметкерінің аяқ астынан қаза табуын адамдар сан-саққа жүгіртіп отыр. Оны атып өлтіріп, кейін асып тастаған деген де ақпар тарады.
 
Бірақ, тиісті органдар «Сот-медициналық сараптама нәтижесі шықпайынша, еш ақпар бермейміз», деп отыр. Алтынбек Құбайдуллиннің соңында әйелі мен үш баласы қалды.

Хабарламаларға жазылу