Қаржы полицейі Жандос Ахметовтің өліміне қатысы болуы мүмкін күдіктілер қолға түсті. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрі Құлмұханбет Қасымов мәлімдеді. Министрдің айтуынша, үш адам тұтқындалды.
Алайда, нақты мәлімет тергеу амалдары аяқталған соң беріледі.
Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:
Мен сіздерге тек бұл іс бойынша үш адамның тұтқындалғанын айтқым келеді. Олардың бірі арнайы жалданған киллер болып шықты. Ал, екіншісі оны қарумен қамтамасыз еткен. Сондай-ақ, тапсырыс беруші адам да тұтқындалды. Ал, қалған мәлімет соттан соң берілетін болады.
Еске сала кетейік, 2013 жылдың 24 желтоқсанында Солтүстік Қазақстан облыстық Қаржы полициясы басшысының бірінші орынбасары Жандос Ахметовті белгісіз біреулер өз үйінің кіреберісінде өлтіріп кеткен. Қылмыскер 41 жастағы майорға бес рет тапаншадан оқ атқан. Оқтың бірі Ахметовтің басына тиген.
Айдана ҮСЕНБАЙ