Әскери бөлімде әуе оқу-жаттығу жұмыстары өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әскери бөлімде әуе оқу-жаттығу жұмыстары өтті

01.05.2014
Әскери бөлімде әуе оқу-жаттығу жұмыстары өтті
 
Астанада 19/132 әскери бөлімі әуе оқу-жаттығу жұмыстарын өткізді. Мақсат - құрылымдардың төтенше жағдайларға дайындығын пысықтау, ұшқыштардың білімін шыңдау. Мамандардың айтуынша, бұл жай ғана жаттығу емес, себебі, әр тактикалық жұмыстың өз ерекшелігі болады.
 
«Ұшқыш болу үшін ілім-білімнен бұрын, қаныңа дарып, сүйегіңе сіңген бейімділігің болуы керек», дейді 20 жылдық тәжірибесі бар ұшқыш Марат Байғалиев.
 
Білімін іс-тәжірибемен ұштастыру - әрбір ұшқыштың арманы. Сондықтан да, көк аспанға көтерілгенде жауапкершілікті  сезінетін маман иелері бүгінгі жаттығуға тыңғылықты дайындықпен келді. 
 
Марат Байғалиев, ұшқыш:
Әрине, біздің жұмыс өте үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Бірақ, мен бала кезімнен ұшқыш боламын деп мақсат қойдым. Осындай жаттығу жұмыстары өте пайдалы. Себебі, біздің қолымызда мыңдаған адамның тағдыры бар.
 
Оқу-жаттығуға 30-дан астам маман жұмылдырылды. Шыңдауы келіскен семсердей ұшқыштарға бүгінгі ауа райының қолайсыздығы да кедергі бола алмады.
 
Ал, әр тікұшақтың өз ерекшелігі бар. Мәселен, мына Еврокоптер «ЕС-145» тікұшағы өзгенікі емес, өзіміздікі, отандық өнім. Шығарылғанына 3 жыл болды.  Құны - 6 миллион еуро.
 
Айта кетейік, қазір мұндай тікұшақтар Астана, Атырау, Қызылорда, Тараз, Алматы қалаларында бар. Ал, мына «Ми-17» тікұшағы әртүрлі қызметтерді қатар атқара алады, көпфункциялы.
 
Дастан Бейсембінов, аға ұшқыш:
Бұл тек қана әскери операцияларға емес, сондай-ақ, адам тасымалдауға да арналған. Сонымен бірге, медициналық қызмет те көрсете алады.
 
Индира Бегайдар, тілші:
Әуе оқу-жаттығу жұмыстары аптасына бір рет өтеді. Оған кем дегенде 30 адам жұмылдырылады. Алдағы уақытта мамандар осы шараның санын көбейтуді жоспарлап отыр.
 
Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу