Қытайлық екі азаматтан тәркіленген Қазақстан төлқұжаттарының бланкілері туралы қылмысқа қатысты бүгін біз құзырлы органдардың жауабын іздеп көрдік.
Естеріңізде болса, кеше Алматы әуежайында Гонконгқа ұшатын рейске жолаушыларды отырғызу барысында екі қытайлықтың қол жүгінен 291 дана төлқұжат бланкісі мен төлқұжат дайындауда пайдаланылатын голографиялық ленталар тәркіленген болатын.
291 төлқұжаттың 40 данасы дипломатиялық төлқұжаттардың бланкісі болған. Қоғамды дүрліктірген бұл оқиғаның бүгін нүктесі қойылды. Белгілісі қауіпсіздікке төнген қатер жоқ. Барлығы да әу бастан бақылауда болған. Тек мекемеаралық түсініспеушілік кесірінен осындай келеңсіздік орын алған.
Дулат Абибуллаев, тілші:
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі тергеуге байланысты істің анық-қанығын айтудан бас тартты. Бірақ мұндай контрабанда олардың қорына бірінші рет түсіп отырғанын мойындады. Біз күні бойы құзырлы органдардың бұл фактіге қатысты пікірін күттік.
40 дана дипломатиялық төлқұжатқа қатысты Сыртқы істер министрлігіне хабарласқанымызда, тергеу амалдары аяқталғаннан кейін ғана толық ақпарат ұсынамыз деп жауап берді.
Ал шекара қызметі бұл іске қатысты барлық материалды Ұлттық қауіпсіздік комиететіне бергенін айтты. Ал Ұлттық қауіпсіздік қызметі біздің редакцияға ресми сұрау салыңыздар деген жауап айтты.
Ал кешкісін бұл істің барлық анық-қанығын зерттеп, нүктесін қойды. Сөйтсек, барлық мәселе мекемеаралық түсініспеушілікте жатыр екен.
Борис Омаров, ҚР ІІМ «Ақпараттық- өндірістік оралығы» РМК директоры:
Нөмірі жоқ. Парақтарында еш жазу жоқ. Ал төлқұжат мынадай болады. Шекарашылар сыртын көрген де, ішін дұрыстап қарамаған. Олар бланкі деп ойлаған.
Ал ұсталған екі қытайлық, төлқұжат дайындайтын станок шығаратын компания өкілдері екен. Олардың министрлікпен тиісті келісімшарты да болған. Ал оларға тесттік үлгідегі төлқұжаттар станоктарды тексеру үшін берілген.
Борис Омаров, ҚР ІІМ «Ақпараттық- өндірістік оралығы» РМК директоры:
Олар Гонконгқа ұшып бара жатқан. Гонконгта компанияның өкілдігі бар. Мен сол жақта бірнеше рет іссапарда болдым. Қай жерде жасап жатқанын көрдім. Барлық құрылғылар Азияда жасалады.
Ал заңгерлер төлқұжатты тобымен елшіден басқа ешкімнің алып жүруге құқығы жоқ деп отыр.
Марат Бәшімов, заң ғылымдарының докторы:
Төлқұжаттармен заңгер дипломаттар ғана айналысуы мүмкін. Олар заңды түрде шығарады. Сосын ана жақта біздің азаматтарға ғана беретін құқығы бар.
Осылайша қоғамды дүрліктірген бұл іс басталмай жатып аяқталды. Министрлік пен шекара қызметі осындай түсініспеушіліктерді болдырмас үшін алдағы уақытта мекемеаралық ынтымақтастықты жандандырамыз, деп келісті.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ