Көп базардың жағдайы шынын айту керек, сын көтермейді. Президенттің өзі де айтты. Санитарлық жағдайы тым төмен, салықтан жалтарады деп. Мемлекетке не, әлгі айтылғандарды сылтау-себеп етіп, базарларды жауып-ақ тастай алады.
Бейсенкүл Асылбекова, сатушы:
Осы базарда өніп-өстім. Қыз ұзаттым, келін түсірдім.
Базарда Бейсенкүл секілді мыңдаған кісі жүр. Несібесі де нәпақасы да осы жерде. Одан айырмау үшін базарларды реттеу керек. Санитарлық жағдайын жақсартқан жөн. Тәртіп керек, тәртіп болса салықтан жалтаруда болмайды. Президент сәуірдегі жиында осындай ұсыныс, дұрысы мәселеден шығар жолды айтты.
Не өзгерді, содан бері? Осы сұраққа жауап іздеп, қала сыртындағы «Шарын» базарына барғанбыз. Ол жерден - журналист Сәдібек Түгелді ұшыраттық.
Сәдібек Түгел, қала тұрғыны:
Әрдайым келген сайын, осы арадан риза болып қайтамыз. Бұл жерде ең бастысы – жеміс-жидектің бағасы басқа базарлармен салыстырғанда арзан. Бағасы тіпті Шымкенттен, Тараздан да төмен.
Бізге керегі – Елбасы тапсырмасынан соң, бұл базарда қандай өзгеріс болғанын білу.
Сәдібек Түгел, қала тұрғыны:
Бұрын бұл жерде асфальт жоқ еді. Осы 1-2 жыл бұрын базар топырағы, шаңы шығып жатқан болатын. Міне соңғы жылдары асфалт төселді. Жаңа ғимараттар ашылып жатыр. Мынадай арнайы орындар ашылып, халыққа жағдай жасалуда.
Бейсенкүл Асылбекова, сатушы:
Жай базар емес. Басымыздан күн өтпейді. Жағдай жасалған.
«Шарын» базарында делдал жоқ. Жұрт бақшасында өсірген өнімін осы жаққа тіке алып кеп, сатып жатыр. Көрдік. Сауда дүңгіршіктері жинақы. Базар емес, көрме залы, павильон секілді. Бірақ, осы күйге жету оңай болған жоқ дейді базар басшысы.
Әбдіғани Ескендіров, базар басшысы:
Затыңды жайып тастап, сауда жүргізе беретін жайма базар емес. Жоқ. Бізде жеке-жеке әр саудагердің орны бар. Одан бөлек, әр сатушының арнайы киімі бар.
Тауар сатып алсаңыз, міндетті түрде төлем қағазын береді. Тиісінше дұрыс салық төлейміз. Әр саудагердің қалтасында медициналық кітапшасы бар.
Жыл сайын біз санитарлық зертхананы базарға шақырамыз. Медициналық орталықпен келісімге келгенбіз.
Олар келіп біздің сатушыларды тексереді. Жұмысқа шығуына рұқсат береді. Біз үшін ең бастысы - тазалық, сосын тәртіп.
Тазалық және тәртіп. Қазіргі барлық базарға керек дүние осы.
Нұрбек БЕКБАУ