Ертең – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертең – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні

03.06.2014
Ертең – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні
Мемлекеттік рәміздер өз деңгейінде дәріптелмей келеді. Рәміздер күніне арналған жиында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков осылай деп мәлімдеді.
 
Ал, рәміздерді қорлағандар қатаң жазаға тартылуы тиіс. Астана қаласы әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия мүшелері жиын соңында заңға осындай өзгеріс енгізу керек деп ұйғарды.
 
Елдің арман-мұраты, елдігінің нышаны болған рәміздер жеткілікті түрде  ұлықталмай келеді, дейді қарт сәулетші, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков.
 
Себебі, қазір Елтаңбаны жасаумен айналысатын кәсіпорындар рәміздің бастапқы нұсқасына нұқсан келтіріп жүр. Жүгенсіздерді жөнге салу мақсатында мамандар мемлекеттік Елтаңбаның жаңа стандартын енгізуге мәжбүр болыпты. 
 
Жандарбек Мәлібеков, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы:  
Қазіргі қолданып жүрген Елтаңбада ешқандай деталь көрсетілмейді. Сондықтан мен қырық шақты атау бердім, әр детальдың өз мағынасы, әдісі, тарихы бар. Осыны негізге алып істеген соң, қазіргі стандартта ол басқаша көрініс табады.
 
Қазір әрбір бөлшегі нақтыланған жаңа Елтаңбаны ауыстырыңдар деп ешкім қыстамайды. Бірақ, егемен елдің тұтастығы мен бірлігін, мәңгілік жасампаздығын сипаттайтын қасиетті дүниені тисінше қастарлеу баршаға парыз. Сондықтан, ең алдымен осы рәміздерді жасаумен айналысатын кәсіпорындар жіті тексерілмек.
 
Аида Балаева, Астана қаласы әкімінің орынбасары:
Ұйымдарды аттестаттау, керек болса лицензияларын қайтарып алу мәселесін көтерудеміз. Айыппұлдардың көлемін екі есеге көбейту жөнінде ұсыныс жіберіп отырмыз.
 
Бұл ұсыныстарды қалалық комиссия мүшелері республикалық өкілетті ұйымға жолдады. Ендігіде көк байрақ пен Елтаңбаны орынсыз пайдаланғандарға айыппұл көлемі ұлғайып, рәміздерді қорлағандар бас бостандығынан айырылуы әбден мүмкін.
 
 
Нұргүл САҒИТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу