Өнертапқыш жаңа техниканың жұмыс істеу мүмкіндігін теория жүзінде дәлелдеп, ашқан жаңалығына арнайы патент те алған. Алайда, оны жасауға қаржы таппай жүр.
Марат Аюбаев ойлап тапқан тың жаңалықтардың негізгісі - көпсалалы өрт сөндіру машинасы. Бұл техниканың қазіргі қолданыста жүргендерден айырмасы - өртті бірнеше тәсілмен өшіретіндігінде.
Сондай-ақ, ішіндегі сумен өзгелерден 50 есе көп уақыт жұмыс істей алады. Оның мәнісі өрт сөндіру машинасына қазандық орнатылған. Оның көмегімен су буға айналады. Соның нәтижесінде су үнемделеді.
Марат Аюбаев, өнертапқыш:
Бұл қазандық сағатына 200-300 келі бу шығарады. Будың қысымы 7-8 келі болса жетеді. Сонда көліктің ішінде бумен, сумен өшіреді, инертті газбен және көбікпен өшіруге болады. Соның барлығын есептегенде 7-8 тәсіл.
Бүгінде ірі қалалар сәулетіне сән қосқан сайын зәулім үйлер бой түзей бастады. Бұл шаһарға шырай қосқанымен, құтқарушыларға қиындық туғызады.
Аюбаевтың тағы бір жаңалығы - биік ғимаратқа көтерілмей-ақ, өртті жерде тұрып сөндіру тәсілі. Ол үшін ғимаратқа тігінен бойлай құбыр қойылады. Әр қабатқа, әрбір бөлмеге орнатылған клапан арқылы өртті сөндіруге арнайы сұйықтық жіберіледі.
Марат Аюбаев, өнертапқыш:
Бу жоғары жақтағы ауаны ығыстырады, ал, инертті газ төмен жақты ығыстырады. Сонда бөлмедегі қағаз, компьютер бүлінбейді.
Бұл жаңалық әзірге қағаз жүзінде. Себебі, керек қып жатқан ешкім жоқ. Өнертапқыш оның себебін заңның кемшін тұстарынан іздейді.
Марат Аюбаев, өнертапқыш:
Екінші кедергі -15-20 пайыз қаржы өнертапқыштан шығуы керек. Сонда менің жобама 20 миллион теңгеге жуық ақша керек болады. Өнертапқышта ондай ақша қайдан болсын?!
Марат Аюбаевтың ендігі бар ойы - өзі ойлап тапқан тың жаңалықтарды ЕХРО-2017 көрмесіне шығару. Бірақ, ол үшін демеушілерге арқа сүйегеннен басқа, амал қалмай тұр.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ