Павлодарда кинологиялық қызмет орталығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда кинологиялық қызмет орталығы ашылды

09.06.2014
Павлодарда кинологиялық қызмет орталығы ашылды
Бұдан былай Павлодарда кез келген қылмыс түрін із суытпай ашуға болады,  деген үміт бар. Себебі,  полицияның жеке құрамы тәртіп сақшыларының сенімді серігі қызметтік иттермен толықты.
 
Аймақтың құқық қорғау органдарына ортақ заманауи кинологиялық орталық ашылды.
 
Павлодарлық полиция қызметтік иттерді өсіру және оларды үйрету үшін Алматыға баратын. Бүгін облыс орталығында құқық қорғау органдарының жеке кинологиялық орталығы ашылды.
 
Мұнда мамандарды оқыту, жаттығуларға арналған жеке алаңдар, төрт аяқты көмекшілердің   жеке госпиталі мен дәріханасы бар.
 
Шығысеуропалық және немістің тіл алғыш овчаркалары, иісшіл спаниельдер мен лабродорлар, барлығы 12 қызметтік ит бүгіннен бастап қылмысты ашу қызметіне кірісті.
 
Ал, екідегі Рекстің із кесуде тәжірибесі мол. Оның көмегімен 20-ға жуық қылмыскер ұсталды. Бір қызығы, ол тек қана қазақ тіліндегі бұйрықтарды қабылдайды.
 
Ертай Айтқазин, кинолог:
Қазақша сөйлесемін, бұйрықты қазақша беру керек.
 
Ал, жарылғыш заттарды іздеумен айналысқан Балу қызметінің күрделілігіне байланысты демалысқа ерте шықты. Бірақ, жауынгерлік сапта қалыпты. Жақында арнайы курсқа барып, есірткіні түр-түріне қарай айыруды үйренді.
 
Ерік Кәрібаев, кинолог:
Америкалық әдістеме бойынша бір ай оқыдық. Балу есірткі зат іздейді. Есірткі затының алты түрін біледі.
 
Қылмыстың кейбір түрлерін заманауи құрылғылар емес, қызметтік иттердің көмегімен анықтаған тиімдірек екен. Яғни, кинологиялық кешенді салу үшін бюджеттен бөлінген 15 миллион теңгенің қайтарымы ақталады, дейді құқық қорғаушылар.
 
Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу