Елордада туризм дамып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада туризм дамып келеді

11.06.2014
Елордада туризм дамып келеді
Астанаға келіп, тек Елорданы емес, бүкіл Қазақстанмен танысуға болады. Бірі көрсе, бірі әлі білмес. Ол жер - «Атамекен» этномемориалдық кешені.
 
Орталық Азияда теңдесі жоқ бұл кешеннің ГИД-тері  бұдан былай үш тілде, ал EXPO-2017 көрмесіне қарсы 8 тілде туристерге экспонаттарды түсіндіретін болады.
 
Саит Эркан - түрік азаматы. Бірнеше жыл болды6 Қазақстанда тұрады. Қанша тырысқанмен, кең байтақ Қазақстанды аралап көруге уақыт тапшы.
 
«Түркиядан бауырларым келе қалса, Түркістан, Тамғалы сияқты тарихи орындарды көрсетуге «Атамекен» кешені өте қолайлы орын», дейді.
 
Cаит Эркан, Түркия Республикасының азаматы: 
Қазақстанда тұрып жатқаныма бірнеше жыл болды. Жолдасым - Атыраудың тумасы. Қазақстанды аралаудың сәті түсе бермейді. Түркиядан келетін тума-туыстарым, бауырларыма Қазақстанды осы жерге алып келіп таныстырамын. Тілден еш қиындық жоқ. Мұндағылар керек тілде ақпарат беруге дайын тұрады.
 
Расында да, туристердің де, түкпір-түкпірден қонаққа келген туыстардың да тура тартатын жері - осы кешен. Әйтпегенде, тарихи орындар мен құрылысы енді басталған ғимараттарда «Атамекенде» алақандағыдай көрініп тұр.
 
Надежда Восюкова, гид:
Биыл бізде жаңа макеттер пайда болды. Бұл «Абу-Даби Плаза». Ол - Астанадағы, Қазақстандағы және Орталық Азиядағы ең үлкен ғимарат. «Абу-Даби Плаза» 88 қабаттан тұрады. Ал, мына ғимарат «Астана Опера» театры.  Мен ағылшынша, орысша және қазақша сөйлей аламын.
 
Астананы туристерге тартымды ету үшін, EXPO қарсаңында көптілді мамандарға көңіл бөлініп отыр. Кешеннің 50-ге жуық қызметкері қазір аптасына үш рет тіл үйрену курсына қатысады. Гидтерге де талап күшейген.
 
Батырхан Жұмабаев «Атамекен» Қазақстан Картасы» этно-мемориалдық кешені қызметкері:
103 гид бар. Қазіргі таңда EXPO-ға байланысты 8 тілде экскурсия жүргізетін боламыз. Атап айтатын болсақ, қазақ тілі мен орыс тілін қоспағанда, ағылшын, француз неміс, қытай, испан, түрік және италиян тілдерінде.
 
Кішкентай көрнекіліктерді көрсетіп, тарихты таныстыратындардың дені - оқушылар. Оларды сәуір айында арнайы конкурс ұйымдастырып, іріктеп алады. Жалақысы да жаман емес, жаз бойы айына - 30 мың теңге.
 
Дулат Абибуллаев, тілші:
«Атамекен» кешеніндегі тағы бір жаңа экспонат - металдан жасалған  қазақтың киіз үйі. Бұл жерде ЭКСПО-ға қарсы этноүй пайда болады. Оның ішінде ұлттық қолөнер жәдігерлері мен қазақтың  дастарханы жайылатын болады. Ал, шамамен мына жерде 5 D форматындағы шағын кинотеатр пайда болады. Оның ішінде қазақтың тарихы, табиғаты, ұлт зиялылары туралы фильмді кешенге келген туристер мен қонақтар өздері таңдаған тілдерінде көре алатын болады.
 
Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу