Ақсуат ауылын су шайып кетуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақсуат ауылын су шайып кетуі мүмкін

12.06.2014
Ақсуат ауылын су шайып кетуі мүмкін
Шығыс Қазақстан облысының Ақсуат ауылындағы үйлерді су шайып кетуі мүмкін. Күршім ауданына қарайтын шағын елді мекен Зайсан көлінің жағасында орналасқан. Соңғы жылдары су деңгейі жоғары болғандықтан, көлдің ернеуі тым жылдам кеңейе бастапты. Жағалау биыл да бірсыпыра жылжып, тіпті тұрғын үйлерге жақындап қалған.
 
Берік Көшербаев, тілші:
Осыдан 1-2 жыл бұрын бұл жерде, ауыл тұрғындары «жағалау» деп атаған, көше өтіп жатқан. Оның бойында электр бағандары да тұрыпты. Бір жаздың ішінде көлдің суы ауылға 20 метрге дейін жақындап, қазір бұл жерлердің бәрі су астында қалды. 
 
Бұрын орталықта болған, ал қазір көл жағасында тұрған Мейірбаева көшесінің бойында 25 үй бар. Олардың 5-і бүгінде тура жардың шетінде тұр. Үйлердің қабырғасы мен жағаға дейінгі қашықтық 3-4 метр ғана.
 
Әлмира Зарымханова, Ақсуат ауылының тұрғыны:
Құмды жер, талқан болып үгітіліп жатыр. Біз енді қайда барамыз?
 
«Үймен бірге көлге батамызба», деп қорқып отырған халық жергілікті билік өкілдерінен көмек күтеді. Ауылдық әкімдіктің де күндері күтумен өтіп жатыр. Ауданнан арнайы комиссияның келуін тосуда.
 
Алмас Игинов, Балықшы ауылдық әкімдігінің бас маманы:
Күнделікті жағалауды бақылап отырмыз. Қаншалықты құлағаны туралы ақпаратты Күршімге беріп отырмыз. Енді өздері комиссия болып келіп, көріп, жауаптарын беретін шығар.
 
Аудан басшылығы Ақсуат ауылындағы жағдай бойынша облыс орталығына хат жазыпты. Құзырлы органдардан мамандарды жіберуді өтінген. Енді өздері Өскеменнен келуі тиіс комиссияны күтіп жүр.
 
Қайрат Әзімбаев, Күршім ауданы әкімінің орынбасары:
Комиссия келгеннің өзінде, сұрақ бірден шешілмейді. Ал, қазір сол адамдарды басқа үйлерге көшіру туралы шешім қабылдадық.
 
Қазір Ақсуат ауылында 3 үй бос тұр екен. Үйлеріне қауіп төнген отбасыларды уқытша сонда орналастыру жоспары бар.
 
Бұдан бөлек, тұрғындарға көрші ауылға көшу ұсынылған. Бірақ, олар бұған келіспей отыр. Кейбіреуі үйді аудан орталығы – «Күршімнен берсін», дейді.
 
Дегенмен, көпшілік, кіндік қаны тамған жерлерінен кеткісі келмейді. Жаңадан салынып жатқан мектептің арғы жағынан көше тартып, сонда жаңа үйлер салынса, деп үміттенеді.
 
Әсет Атымтайұлы, Ақсуат ауылының тұрғыны:
Үйлерін салып берсе, осы ауылда қалар еді. Суға кеткелі тұрған үйлерде 4-5 баладан бар. Ол балалардың бәрі кетіп қалса, мектеп жабылып қалады.
 
Жағалауда тұрған үйлердің нарықтық бағасы қандай және жаңа үйлер алу үшін, не оларды салу үшін қанша қаражат керек екені белгісіз. Бәрін комиссия есептейді.
 
Айман Қайыржанова, Ақсуат ауылының тұрғыны:
Енді ол комиссия келіп шешкенше, біздің үйлердің орны да қалмайды. 
 
Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған ауыл тұрғындары. Жоғары жақтан комиссияның келгенін күтіп отырған жергілікті билік өкілдері. Асау толқындарға шыдамай, күн сайын үйлерге жақындап келе жатқан жағалау. Ақсуаттың бүгінгі жағдайы осы. «Оқыс жағдай болып, ертең өкініп қалмасақ екен», дейді ауыл халқы.
 
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу