«Алматы-Өскемен» тасжолында апат азаяр емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алматы-Өскемен» тасжолында апат азаяр емес

13.06.2014
«Алматы-Өскемен» тасжолында апат азаяр емес

«Алматы-Өскемен» тасжолындағы шұрық-тесіктен халық әбден мезі болды. Дегенмен, бұл жолдың мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді.

 
Алматы облысындағы жолдарды дамытуға мемлекеттік қазынадан бөлінген 100 миллиард теңгеге құрылыс басталып кетті.
 
Әйтсе де, осы бағытта жол апаты азаяр емес.  Жол нашар ма, әлде, жүргізуші ережеге бағынбайды ма? 
 
Айгүл Ермахан, тілші:
Құрылысы осыдан бір жыл бұрын басталған «Алматы-Өскемен» тасжолында көлік апаты азаяр емес. Мамандардың бірі жол жағдайының нашарлығын айтса, енді бірі көлік жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс асыратынын айтады. Жуырда Бас прокурордың өзі жол белгілерінің жоқтығынан қарапайым халықтың ажал құшқанын айтқан болатын. Өздеріңіз көріп тұрғандай, біз тұрған аймақта шынымен жол белгісі жоқ. Соның салдарынан болуы керек, күні кеше осы маңда ауыр апат болып, 6 адам қайтыс болды.
 
Бар кінәні жол белгісіне артып, ауыз жимастан бізге жол көрсетіп жүрген автожол маманының көлігін көз алдымызда «КаМАЗ» жүргізушісі тас-талқан етті. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Тасжолда жүріп жатқан қызу жұмыс біраз уақытқа шегерілді.
 
«Алматы-Өскемен» бағытындағы жол құрылысына 10 мердігер компания жұмылдырылған. Қапшағай жолының 77-118 шақырымдық бөлігіне қазір бетон төселуде.
 
Ені - 9 метр, қалыңдығы - 27 сантиметр. Теп-тегіс жылтыраған жолда автокөліктер жылдамдықты үдете түспей ме?, деген cауалға сапаға жауапты зертхана басшысы жауап берді.
 
Мұхитдин Момынұлы, «Тодини» компаниясы зертханасының басшысы:
Қыстың кезінде жолда мынадай із қалдырамыз.
 
Төзімді бетонды дұрыс төсеу - жұмысшылардың міндеті. Олар таңғы 8-ден қас қарайғанға дейін тыным таппайды.
 
Сондай жанның бірі - 45 жастағы мына азамат. Тапқан тиын-тебені 6 баланы асырауға жетпейді. Ішіндегі мұңын айтып, таныстырмауымызды өтінді.
 
-Уақыт аз кезде 50-60 мың теңге аламыз. Түкке жетпейді.
 
Нұрлан Өмірбаев,«Қазавтожол» ҰК АҚ департамент директоры:
Шарт бойынша жұмыс беруші алған жеке адамдарға жалақысын осы жұмыс істеген аймақтағы орташа жалақысынан төмен қоймауы керек. Одан төмен болса, бізге не болмаса мемлекеттік органдарға ұсыныс берген жағдайда, анықтап, шартты орындауын талап етеміз.
 
Аймақтағы жолы бұралаң қауіпті саналатын ең қиын асу - Арқарлы. Тар бұрылыста талай жүргізуші абдырады.
 
Енді бұл жол бұйыртса, теп-тегіс етіп салынбақшы. Мамандар қуатты техникалармен тауды бұзып, төте жол салуды бастап кетті.
 
Ал, жалпы құрылыстың аяқталу мерзімі 2016 жылдың сәуір айына жоспарланған.
 
«Алматы-Өскемен» тасжолының құрылысы сәтті аяқталса, республикадағы мынадай сапалы автожолдардың кейпіне енеді.
 
Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу