Қазір «Қазақстан теміржолы» компаниясы жаңа 5 электр пойызымен толықты. Сөйтіп, қала тұрғындары Бурабайға жиі барып, демалып қайтуға мүмкіндік алды.
Сергей Дубинконың күнделікті жұмысы осылай басталады. Ол - Астанадан Көкшетауға қатынайтын жүрдек пойыздың жүргізушісі. Машинист болып жұмыс істегеніне биыл 30 жыл.
Тәжірибелі маман жаңа пойызбен бірге, жұмысының да жеңілдегенін айтады.
Сергей Дубинко, машинист:
Жаңа электр пойызының арқасында жұмысым әжептеуір жеңілдеп қалды. Бұрынғыдай әуреге салынбайсың. Барлығы да компьютерлік басқару жүйесі арқылы жүзеге асады. Тек керек тетікті бассаңыз болғаны.
Жүрдек пойыз жүргізушілердің ғана емес, жолаушылардың да көңілінен шықты. Мәселен, Бурабайға жол тартқан Өменовтер отбасы пойызға бүгін бірінші рет мінді. Олар жолаушыларға жасалған қолайлы жағдайды көріп, қуаныштарын жасырмады.
Дина Өменова, қала тұрғыны:
Осыған дейін ескі электр пойызымен барған болатынмын. Іші ыстық, адам көп болатын. Қазіргі жаңа пойыздың іші таза, желдеткіші бар.
Бес пойыздың барлығы бақылау жүйесімен жабдықталған. Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін әр вагон, тіпті, тамбурларға дейін арнайы бақылау камералары орнатылған.
Баян Суннатова, «Қала маңындағы тасымал» АҚ президенті:
Бұл - жаңа технология. Пойыз Астанадан-Бурабайға күнделікті қатынайтын болғандықтан, жолаушылардың қауіпсіздігі бізді қатты алаңдатады. Оның үстіне пойыз өте үлкен, 250-ден астам адам сыяды.
Электр пойызы Астанадан Көкшетауға күнделікті таңғы сағат 07.30 бен кешкі сағат 19.00-де қатынайды. Жолаушылар бірінші санаттағы билеттерді - 1100, екінші санаттағыларды - 1000, ал, үшінші санаттағы билеттерді - 800 теңгеге сатып ала-алады.
Айдана ҮСЕНБАЙ