Жамбыл облысында жүк пойызы аударылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында жүк пойызы аударылды

30.06.2014
Жамбыл облысында жүк пойызы аударылды

Жамбыл облысының Жуалы ауданы аумағында жүк пойызының  вагондары аударылып, жолды жауып қалды.

Апатқа вагон доңғалақтарының  рельстен шығып кетуі себеп болған. Үстіне шыны тиелген 4 вагон аударылған, тағы біреуі жолда көлденең тұр.

Адамдар апаттан аман. Қазір оқиға орнында құтқару қызметінің 35 маманы жұмыс істеп жатыр.

Олар осы уақытқа дейін 3 вагонды жолдан шығарды. Енді теміржол үстін сынған шыны қалдықтарынан тазартып жатыр. Әзірге апат болған жерге жолаушылар пойызы жеткен жоқ.

Тек Арыс станциясына Шудан, Семейден және Ақтоғайдан келе жатқан үш жүк пойызы Бурное станциясының маңында тоқтап тұр.

Дегенмен, енді бірер сағатта «Көкшетау-Қызылорда» және «Семей-Қызылорда» жолаушылар пойызы апат орнына  жетеді. Оның ішінде 600-дей жолаушы бар.

Ахмад Дадаев, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы:       

Құтқарушылар жолды тазартуға барынша күш салып жатыр. Егер бұл жұмыстар ұзаққа созылып,  жолаушылар пойызы тоқтатылатын болса, ондағы адамдардың өмірінің қауіпсіздігін сақтау, азық-түлікпен қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету шаралары  ұйымдастырылады. Әрине, мұндай жағдайда пойыздар апат орнына дейінгі станцияларда тоқтатылады.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу