Бейбіт өмірде де ерлік жасауға болатынын екібастұздық полиция қызметкерлері дәлелдеп берді.
Павлодардан 19 бала мінген автобус кеншілер қаласына кіреберіс қақпа тұсына жеткенде, қарсы бағыттан жүйткіп «Honda» көлігі шыға келеді. Жылдамдығы аса қатты.
Сол кезде автобусқа жолбасшы болып келе жатқан жол тәртібін қадағалау ротасының экипажындағы Абдысабыр Закиров пен Қанат Байысов көліктерін дереу автобустың алдына кесе-көлденең тоқтатады.
Жүйткіп келген «Honda» полиция көлігімен соқтығысып, екі рет аударылып түскен.
Балалар мінген автобус аман. Ал, полиция көлігінің тізгінінде болған Абдысабыр Закиров ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді. Қазір оқиғаның анық-қанығы тексеріліп жатыр.
Болат АМАНБАЕВ