Мүгедек балаларды кәдімгі орта мектептерде оқыту қажет. Дені сау құрбы-құрдастарына ілесе жүріп, еліктей жүріп түзеліп кете алады. Бастысы, олар өздерін сонда ғана қоғамның бір мүшесі екенін сезінеді.
Мұндай мәлімет – бүгін ЮНИСЕФ халықаралық ұйымының мұрындық болуымен өткен жиында айтылды. Ең өзекті мәселе – мүгедек балалардың санын анықтау және оларды емдеу бағдарламасына толықтай тарту,-дейді жиналғандар.
Қазақстан, скринингтік зерттеулердің арқасында, жатырдағы шарананың денсаулығы қандай, нендей мүкісі бар, барлығын біле алатын жағдайға жетті. Алыс ауылдарға медициналық пойыздар жіберіп жатырмыз.
Мамандарымыз ол жақта, мүмкіндігі шектеулі балаларды анықтап, аяққа тұрып кетуі үшін, ем-дом жасауда. Десе де, мәселе жоқ емес. Баланы мүгедек деп тану қиынның қиыны. Құжаты көп, шаруасы шаш-етектен. Бұл аздай, қайсібір өңірлерде мүгедектер санын жасыру жайттары да кездесіп жатады.
Алмагүл Дәулетқазықызы, заңгер:
Себебі, өңірлерге белгілі бір цифрлардың жоғарылауы қажет емес сияқты. Ауылдық жерлерде мүгедектігі белгіленбеген бала көптеген шаруалардан құр қалады. Мемлекеттік тұрғыдан әртүрлі төлемақыларды ала алмайды. Медициналық көмекке қолы жетпейді. Білім беру саласында да солай.