Бүгін Елордада өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қайта жаңартылған мұражайы ашылды. Мұражай қаладағы № 2-ші мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде орналасқан.
Көрме залына Астанадағы алғашқы өрт сөндіру депосының макеті және сол кездегі құтқарушылардың киімі мен өрт сөндіруге арналған жабдықтар қойылған. Мұнда келген адам Елордадағы өртке қарсы қызметтің құрылу тарихымен де танысады.
Мұражаймен қоса, өрт сөндіру көлігі тұғырының да салтанатты түрде ашылуы өтті. Сондай-ақ, бұл күні Төтенше жағдайлар департаментіне жаңадан қабылданған 7 қызметкер ант қабылдады.
Салтанатты шараға осы салада ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагерлер қатысты.
Мейрам Ысқақов, қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:
Бұл мұражай жас балаларға керек. Әрдайым есігі ашық болады. «Балаларды әкеліңіздер», деп аудан әкіміне айтып жатырмын. Осы жерден біраз ақпарат алып, тәрбие көрсін. Патриоттық сезім деген осындай жерден шығады.
Берік КӨШЕРБАЕВ