Осыдан 16 жыл бұрын Астанада бірнеше ғана көпір болған. Ал бүгінде олардың саны 20-ға жетті. Бұл көпірлердің көбі Есіл өзенінің сол жағалауы мен оң жағалауын жалғастырып тұр. Бүгінде олар осы негізгі функционалдық міндетін атқарып қана қоймай, Астананың жаңа келбетінің нышанына айналған.
Ақмола Астана атанған алғашқы жылдары Есіл өзенінің екі жағалауын мына көпір ғана жалғап тұрды. Бараев көшесі мен Қабанбай батыр даңғылы осы өткел арқылы қосылады. Көп жылдар бері қасында орналасқан сауда орталығының атымен аталып жүрген көпірдің қазіргі ресми атауы - «Қараөткел». Жылдар өтіп, Астана өсіп, Есілдің үстінен тағы бірнеше көпір салынды. Ал қазір қалада ірілі-ұсақты 20 көпір бар.
Дархан Боранбаев, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
Бұл көпірлердің жобаларын жергілікті мекемелер әзірлеген және оларды өзіміздің елдегі құрылыс компаниялары салды.
Тек соңғы алты жылда Астанада жаңадан 5 автожол көпірі салынды. Олардың ішіндегі ең үлкені Сығанақ көшесінің бойындағы - «Арыс» көпірі. Оның жалпы ұзындығы - 419 метр. Көпірлердің көлемі әртүрлі болғанымен, жалпы келбеттері ұқсас.
Берік Көшербаев, тілші:
Астанадағы көптеген көпірлердің сәулет-мүсіндік композициясы қазақ халқының және көшпенділер өркениетінің бай тарихи-мәдени мұрасын жеткізеді. Мысалы, «Марал» көпіріндегі қоршау қанаттарынан сонау скиф дәуіріндегі қолданбалы өнерден сыр шертетін түрлі құс-жануарлардың мүсінін көруге болады.
Жақын арада Астанада тағы бір жаңа көпір ашылады. Есіл өзені арқылы Бейсекова мен Сейфуллин көшесін жалғайтын көпірдің құрылысы былтыр басталған. Қазір бұл жерде құрылысшылардың 5 бригадасы жұмыс істеп жатыр.
Берік Оқрашев, құрылыс бригадасының басшысы:
Бригадада 34-35 адам бар. Біз көпірдің тіреулерін орнатуға жауаптымыз. Жұмыстарды, жоба бойынша, уақытында бітіреміз деп ойлаймын.
Ал Желтоқсан көшесі мен қалалық саябақты жаяу жүргіншілерге арналған «Серуен» көпірі жалғап тұр. Шағын болса да, бұл жерде үнемі кісі көп. Көпірдің үстінен өткен адам өзін ерке Есілдің толқындарына тербелгендей сезінеді. Себебі, көпір арнайы серіппелердің үстіне орнатылған.
Берік КӨШЕРБАЕВ