Мәскеулік қазақтардың ауызашары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеулік қазақтардың ауызашары

07.07.2014
Мәскеулік қазақтардың ауызашары

2 миллионнан аса мұсылманы бар Мәскеу қаласы да, қасиетті Рамазан айын лайықты өткізіп жатыр. Ресейдің бас шаһарында, бірнеше жылдан бері тегін ауызашар беріліп келеді.

«Рамазан шатыры» деп аталатын қайырымдылық шарасы кезінде, алып мегаполистегі түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері күн сайын, кезек-кезек басқосу ұйымдастырады. Мәскеудегі жалпы халықтың, небәрі 0,1 пайызын ғана құрайтын қазақ диаспорасы да, бұл сауапты іске белсене қатысуда.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

Қасиетті Рамазан айында күн сайын мәскеулік мұсылмандар үшін тегін дастарқан жайылады. Яғни, осында тұрып жатқан түрлі ұлттың өкілдері, 30 күн бойы ауызашар береді. Биыл Мәскеудегі қандастарымыз алғашқылардың бірі болып, осындай игі шараны өткізді.

Мәскеудегі мұндай ауызашардың өтіп жатқанына биыл 9 жыл болды. Жылдағы дәстүрге сай, биыл да мемориалды мешіттің жанынан 500 адамдық Рамазан шатыры тігілді. Бұл - түрлі ұлт пен дін өкілдерінің басын қосатын берекелі жер.

Ольга Голикова, Мәскеу қаласының тұрғыны:

Мен праваслав дінін ұстанамын. Алайда, Рамазан шатырына өзге діннің өкілдері де келетінін білемін. Шынымды айтсам, таң атқаннан, кеш батқанға дейін ораза ұстап, шыдамдылық танытатын мұсылмандарға қызыға қараймын.

Эльдар Файзулин, Мәскеу қаласының тұрғыны:

Қазір жастардың арасында ораза ұстайтын жандардың саны көбейіп келеді. Себебі, біз өз дәстүрімізге, тіліміз бен дінімізге берік болуымыз керек. Ауыз бекіткеннің еш қиындығы жоқ, керісінше жанымыз да, тәніміз де тазарып жатыр.

Қазақтар жайған дастарқанға жұрт көп келді. Кеш барысында уағыз айтылып, Құран оқылды. Содан соң халық әндеріміз шырқалып, елордамыз Астана туралы фильм көрсетілді. Себебі, қандастарымыз қайда жүрсе де, қазақтың қамын ойлайды.

Әбуислам Тұрсынбаев, «Қазақ тілі» қоғамдық қорының төрағасы:

Елде кішкентай ауылдың өзінде бір-бірімізді көру қиындап бара жатқан заманда, осында Мәскеу қазақтары 500 қазақты жинап ас беріп жатырмыз. Бұл бір жағынан үлкен сауап, екіншіден, қазақтардың басы қосылады. Үшіншіден, барлығын отбасымен шақырып отырмыз. Қазақтың бизнесмендері жиналып, әртүрлі ұлт өкілдерінен де шақырдық.

Рамазан шатыры Ресей мүфтилер кеңесі мен Мәскеу үкіметі бірлесіп қолға алған жоба. Осы айдың соңына дейін, бұл жерге барлығы 15 мыңнан аса адам келіп ауыз ашады.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу