Бүгін Астанадағы Есіл өзеніне шомылмақшы болған екі адам суға кетіп мерт болды. Оқиға қаланың қақ ортасында болған. Бірақ куәгерлер де, сүңгуірлер де оларды аман алып қалуға үлгермеді.
Шынар Асанқызы, тілші:
Оқиға дәл осы жерде болған. Сырттай қарағанда тізеге жетпейтін су аса қауіпті көрінбеуі мүмкін. Бірақ, екі аттам жерде биіктігі 1,5 метр болатын мынадай сарқырама бар. Куәгерлердің айтуынша, марқұмдардың аяғы тайып кетіп, тереңге бір-ақ құлаған.
Оқиға күндізгі сағат 11-лер шамасында болған. Қаза болғандардың киім-кешектері де сол қалпында жатыр. Алайда, оқыс жағдай ешкімге әсер етпеген секілді. Өйткені, дәл осы жерде шомылушылар саны сағат сайын артып келеді.
Сейілбек Нақыпов, сүңгуір-құтқарушы:
- Бізде ешқандай өкілеттік жоқ. Тек заңбұзушыларға ескерту айту ғана. Тыңдамайды. Иә дейді де, қайта суға секіріп жүре береді.
Ал, полиция келген жағдайда сүңгуірлерге «түсініктеме жаз», деп жұмысты тіпті қиындатып жібереді екен. Жазған күннің өзінде тәртіп бұзушыларға тыйым салатын Заң жоқ. Тіпті, айыппұл да қарастырылмаған. Соны білсе керек, сүңгуірлерден қаймыққан жанды көрмедік.
Мамандардың айтуынша, қала ортасында суға түсуге рұқсат берілген бір ғана жағажай бар. Ол - Астаналық саябақтың жанында орналасқан. Мұнда күніне 500-ге жуық адам келіп-кетеді.
Асанәлі Бустык, қала тұрғыны:
Жағажайда суға түсу 200 теңге тұрады. Төлегім келмейді. Күн сайын барып тұрасың. Сондықтан, мына жерге түскен жақсы. Ол жақта су кір.
Өзеннің қауіпті тұстарына түсуге тыйым салатын арнайы ескертулер жазылған. Көрер көзге көрініп-ақ тұр. Бірақ, елордалықтардың көбі оны ескере бермейді.
Георгий Саврук, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті «Суда құтқару қызметі» басшысының орынбасары:
Оқыс оқиғалардың барлығы адамдардың салғырттығынан болады. Өзеннің тыйым салынған тұсына шомылады. Айтсақ, тыңдамайды. Әйтпесе, біздің сүңгуірлер бақылаудағы аймақта мұндай оқыс оқиғаға ешқашан жол бермейді.
Жыл басынан бері құтқару қызметі ел аумағы бойынша жалпы саны 160-қа жуық адамды құтқарыпты. Өкініштісі, 90-ға жуық адам суға кетіп қайтыс болған. Олардың 40-қа жуығы балық аулап жүріп суға кетсе, өзгесі судың тыйым салынған тұсына барып шомылған.
Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстығанда, 30 адамға артық.
Шынар АСАНҚЫЗЫ