Ақтау қаласында балық аулаудан жарыс өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтау қаласында балық аулаудан жарыс өтті

17.07.2014
Ақтау қаласында балық аулаудан жарыс өтті

Ақтауда әуесқой балықшылар Каспий теңізіне қармақ салудан жарысты. Олар аулаған балықтарының санымен ғана емес, қомақты жүлделерімен де ерекшеленді. Бос уақыттарын тиімді өткізуге кәрі-жас тегіс ат салысты. Епті, әрі шапшаң балықшылар олжалы болды.

Алты жасар Адай - балықшылар ішіндегі ең кішісі. Сонысына қарамастан 60-тан асқан қарсыластарына дес берер емес. 5 жасынан айдынға қармақ салып үйренген бала үшін бұл жарыстың мәні ерекше.

Адай Асар, ең жас балықшы:

Жазғы демалысымда балыққа күн сайын барамын. Мен өскен соң балықшы боламын. Жаз айында балық аулап демалып, күзде сабағымды жақсы оқимын.

Шараға 50-ден астам әуесқой балықшы қатысты. Құрал-саймандарын сақадай сай әкелген балықшылардың табиғат аясындағы демалысы пайдалы, әрі олжалы болды. Өйткені,  қармақ ұстағандардың ұстанымы ұқсас. Шілденің шіліңгірінде балықшылардың жағада жиналу үрдісі көрші елдерде 20 ғасырдың 20 жылдарынан бастау алады. Ақтаулықтар да осы шараны дәстүрге айналдырмақ.

Жанболат Әбдіқалықов, әуесқой балықшы:

Балық аулап жүргеніме 25 жылдан асты. Негізі өте қызық. Тек жеу үшін емес, кішілерін суға жібереміз. Каспийдің көксеркесі жақсы түседі, қазір қармаққа ұсақ балық ілінуде. Қармақты майыстырып жатқан кезде азарт болады.

Жарыс бірнеше аталым бойынша өтті. Ең алғашқы балықты аулаушы, жас балықшы, ең үлкен балық иесі атағы бойынша сайыс ұйымдастырылды. Бірақ, бәріне ортақ бір талап бар. Ол-«Қызыл кітапқа» енген су жануарларына тиюге тыйым салынғаны. Мұны балық инспекциясы мамандары қадағалауына алды.

Марат Тәжен, Ақтау қалалық балық инспекциясы бөлімінің басшысы

Балықшылар қандай балық түседі,соны аулай береді. «Қызыл кітапқа» енбегенін де аулайды. Бізге балықшылар көп хабарласады: «Жағада аулауға бола ма»,- деген секілді. 5 кг дейін аулауға болды, бірақ, аулаған жерлеріңді тап-таза қылып кетіңдер деп ескертіп қоямыз.

Жарыс соңында үздіктер балықшы құралдарын иеленіп, Алғыс хаттармен марапатталды. 

Жазира ӘБІЛ

Хабарламаларға жазылу