Атырауда мәліметтерді өңдеу орталығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда мәліметтерді өңдеу орталығы ашылды

18.07.2014
Атырауда мәліметтерді өңдеу орталығы ашылды

Атырауда деректерді өңдеу орталығы ашылды. Мекеменің  негізгі жұмысы мемлекеттік органдардың ақпараттық қауіпсіздік саласын нығайтуға бағытталған.

Деректерді өңдеу орталығында Атырау өңіріндегі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесі сақталатын болады. Мұнда 500 желілік блоктардың орнына бір ғана сервер жұмыс істейді. Қазір орталыққа осындай серверлердің он шақтысы қойылған. Мемлекеттік мекемелермен қатар, орталықтың қызметіне жеке құрылымдар да қосыла алады.

Асылбек Асан, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ АОФ директоры:

Бұрын мемлекеттік органдарда жарықтың жиі сөнуінен мәліметтерді жоғалту, жою жағдайлары болатын. Енді олар қорғалады. Ондай олқылықтарға біздің мекеме жол бермейді. Себебі, біздің серверлер жарыққа тәуелді емес. Жарық болмаған жағдайда олар арнайы аккумуляторлардан қуат алады. 

Тағы бір айта кететіні, бұл орталық экономикалық жағынан да тиімді. Дәлірек айтқанда, әрбір мемлекеттік орган серверді, компьютерлерді өздері сатып алып, олардың 30 пайызын ғана пайдалананып келген. Ал, орталықтың жұмысы нақты тұтынуға байланысты ұсынылады. 

Тұрлан Нұржанов, Атырау облыстық халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары:

Мемлекеттік органдарға орталықтың пайдасы өте көп. Қауіпсіздік жағынан заманауи үлгідегі барлық шаралар ұйымдастырылған. Қауіпсіздігі өте қатаң сақталған. Ол іске асып, жұмыс істейтін болса, мекемелердің қауіпсіздігіне пайдасы мол болады.

Алдағы уақытта мұндай орталықтар еліміздің әр аймағында салынып, олардың барлығы бір жүйеге топтастырылатын болады.

Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу