Қызылордалық Бердалы Жақсыбалаевты жерлестері бейбіт күннің батыры дейді. Бұл азамат бір үйдің үш баласын ажалдан арашалап қалды. Тасбөгет кентіндегі қос қабатты үй отқа оранып, жалғыз отырған үш бүлдіршін пәтерден шыға алмай қалған. Бердалы бүлдіршіндерді аман алып қалу үшін терезе арқылы жалындаған оттың ортасына екі рет кірген. Алғашқыда сегіз және алты жасар жеткіншектерді, кейін бесікке бөленген екі айлық сәбиді тілсіз жаудың құрсауынан құтқарды. Өз өмірін қауіпке тіге отырып, көзсіз ерлік істеген Бердалыға балалардың ата-анасымен қатар, өрт сөндірушілер де ерекше разы.
Бердалы Жақсыбалаев, қала тұрғыны:
Екі бала жылап тұр екен терезенің алдында. Соны көрдім де, бірден үйге кірдім. Терезеден суырып алып, жерге түсірдім, түсіргеннен кейін: «Кішкентай бесіктегі қарындасым бар»,- деді. Қайтадан кіріп, баланы түтіннің арасынан алып шықтым. Газ атылып кете ме деп қорықтым.
Гүлжан ҚАЛТАЙҚЫЗЫ