Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров тікұшақпен Талғар тауындағы сел жүрген аймақты аралады. Тасқынның себеп-салдарын анықтау үшін әуеге көтерілген мамандар Талғар тауының биік шатқалындағы көлдерді бақылап шықты. Нәтижесінде көшкіннің шығу салдары белгілі болды.
Шілденің 14-і мен 17-сі аралығында күннің күрт ысуынан 3 мың 500 метр биіктіктегі шатқалдардың арасындағы сайларға су жиналып, көлге айналған. Ақыры көлдегі судың көлемі артып, арнасынан асып, сел жүрген. Оны ұстауға қауқары бар Талғар бөгетінің арқасында қалаға қауіп төнген жоқ.
Валерий Петров, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі:
Негізінен жағдай қауіпті емес. Биік таудағы көлдің суы түгедей ағып кеткен. «Қазселденқорғау» мекемесі қазір тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ендігі басты шаруа- Спутник лагерімен арадағы жолды ашу. Лагерь биік жерде орналасқандықтан, қауіп-қатерден аман. Жол жабық болғанмен жаяу адам қатынай алады.
Ақпарат алмасып жағдайларын біліп отырмыз.Ондағы адамдардың жағдайы жақсы. Жарық беру үшін 5 электр генераторын тікұшақпен жеткіземіз.
Нұрлан НАУРЫЗАЛИЕВ