Шымкентте Сириядағы соғысқа қаржылай қолдау көрсеткен қазақстандық 4 азаматқа үкім шықты. Айта кетерлігі, сотталушылар елімізде тыйым салынған діни ағымның мүшелері болған.
Әрі қанды қақтығыс ушығып тұрған Сириядағы қазақстандықтардың есепшотына тұрақты түрде қомақты ақша салып отырған. Олардың ел аумағында қару-жарақ жинап, оны жасырын түрде сақтағаны да толық дәлелденді.
Осы әрекеттері үшін өткен жылдың қараша айында құзырлы органдардың назарына ілігіп, ұсталған еді. Алайда, сот барысында олардың террористік-экстремистік әрекеттерге қатысы бар екені дәлелденген.
Бірі сегіз жылға бас бостандығына айырылса, енді бірі бес жылын темір тордың ар жағында өткізетін болды. Топ жетекшілерінің жазасы да ауыр.
Шара Бисембиева, әл-Фараби аудандық сотының судьясы:
Түпкілікті Асылжан Абуахитовқа жеке мүлкі тәркіленіп, жазаны жалпы режимдегі колонияда өтеу белгіленсін. Байжарқыновқа жеке мүлкі тәркіленіп, тоғыз жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазаны жалпы режимдегі колонияда өтеу белгіленсін.
Айнұр АҚБАЕВА