Шымкентте Сириядағы соғысқа қаржылай қолдау көрсеткен 4 қазақстандық азаматқа үкім шықты. Айыпталушылар - әкесі мен баласы және олардың екі сыбайласы.
Олар содырларға тұрақты түрде қомақты ақша салумен қатар, туыстарының шетел асуына да қолдау көрсетіп отырған.
Айнұр Ақбаева, тілші:
Айыпталушылардың төртеуі де - Сириядағы содырлардың туыстары. Сот оларға заңсыз қару-жарақ сақтау, заңсыз қаржылай қолдау көрсету сияқты айыптар тақты. Сот барысында 50-ге жуық куәгерден жауап алынып, қылмыстары толығымен дәлелін тапқан.
Тергеу кезінде олардың Сириядағы «Даут жамағат» террористік ұйымына қатысы бар екені анықталды. Аталған ұйым жетекшісі Талғат Бекмұрзаев пен сол топтың мүшесі Ержан Абдубаитов осы төртеуге тұрақты түрде тапсырма беріп отырған.
Соның негізінде айыпталушылар содырлардың Түркия мен Араб еліндегі есепшоттарына тұрақты түрде қомақты қаражат аударған.
Серік Қожамқұлов, әл-Фараби ауданы прокурорының көмекшісі:
Олар 250 мың АҚШ долларын жіберген. Ол теңгеге шаққанда 38 миллион. Сол ақшаны олар қару-жарақ пен азық-түлікке, топқа керек басқа да заттарға жұмсаған.
Сондай-ақ, айыпталушылардың бірі содырлар жеткізген қару-жарақты жасырын сақтап келген. Онда қарапайым тапаншадан бастап, жарылғыш заттарға дейін болған.
Шара Бисембиева, әл-Фараби аудандық сотының судьясы:
Сол жақтағы содырлардың балаларын, әйелдерін Сирияға жіберуге көмектескен, олардың құжаттарын жасап берген, жолға қажетті ақшаларын жіберген. Кейбіреулерін Қырғыз Республикасына, кейбіреуін Түркияға шығарып салған. Содырға күйеуге шығамын деген қызды осы жерден Түркияға шығарып салған. Қаржыландырудан басқа осындай көмектер көрсетіп отырған.
Бүгін сот отырысында әкесі мен баласына және тағы бір сыбайластарына «экстремистік топқа қолдау жасаған», деген айып тағылды. Екеуі 9 жылға сотталса, тағы біреуі 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал, қару сақтаған төртінші айыпталушы 5 жылын темір тордың арғы жағында өтейтін болды. Бұлтартпау шарасы қолданылған екі айыпталушының қолына да сот залында кісен салынды.
Айта кетерлігі, бұл - осы өңірдегі террористік-экстремистік топқа қатысты қаралған алғашқы қылымыстық іс.
Айнұр АҚБАЕВА