«Сәтті қадам» жобасы жемісін берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Сәтті қадам» жобасы жемісін берді

22.07.2014
«Сәтті қадам» жобасы  жемісін берді

«Сәтті қадам» жобасы сәтті жүзеге асып жатыр. «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының жанынан құрылған бұл бағдарлама бойынша қазір 45 маман әртүрлі мекемелер мен ірі компанияларда қызмет етіп жүр.

Жоғары оқу орнын енді ғана бітірген жас түлектердің жұмысқа орналасуын қамтамасыз ететін жоба сынақ ретінде Астанада жүргізілген болатын. Қазір аймақтар да атсалысып жатыр.

Жаңа жобаның игілігін бірінші болып көргендердің бірі - Абзал Құдайбергенов. Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітірген ол Маңғыстау облыстық Мәдениет басқармасында қызмет етеді.

Ол жерден босағаннан кейін жарты жылдай жұмыссыз жүреді. «Сәтті қадам» жобасы туралы анасынан естіп-біліпті. Қазір «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамында менеджер. 

Абзал Құдайбергенов, «Қазақ әуендері» АҚ менеджері:

Құжат жинап, өткіздік, тәжірибеден өттім. Қазір өзіме ұнайтындай жақсы жұмысқа орналастым.

«Сәтті қадам» жобасының тағы бір қатысушысы - Айдана Омарова Малайзия университетінде туризм менеджменті бойынша білім алған.

Қазір «Халықаралық бағдарламалар орталығында» Еуропа елдері түлектеріне жетекшілік етеді. Яғни, оқу орнын бітіріп келген қыз-жігіттердің жұмыспен қамтылуын қадағалайды.

Айдана Омарова, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ менеджері:

Менің Малайзияда қалатын мүмкіндігім болды. Алайда, мақсатым ол емес еді. Мен шетелде алған білімімді туған жерімнің өркендеуіне жұмсағым келді. Қазақстанда табиғаты сұлу жерлер көп. Оларды шетелдіктерге насихаттауымыз керек.

2013 жылдың соңында жүзеге асқан бағдарламаға қатысу үшін 1,5 мың түлек өтініш білдірген. Оның 330-ы түрлі мекемелер мен компаниялардан міндетті 3 ай тәжірибеден өтіп, қазір 45 маман сол жерлерде еңбек етіп жатыр. Жобаға қатысушы қыз-жігіттерді 200-ге жуық мекеме жұмыспен қамтуға ниет білдірген.   

Аян Сакошев, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшылық басшысы:

Жұмыс берушілер бізге қаржы немесе заңгер мамандары керек деп тізім жібереді. Бізге 5 мамандыққа тізім келетін болса, біз оларға 10-15 маман жібереміз. Кейін олар өздері таңдап алады.

«Сәтті қадам» жобасының екінші кезеңі ертең басталып, құжаттар бір ай бойы қабылданады. Ұйымдастырушылар осы жолы да жұмыссыз жүрген жүздеген түлекті қызметпен қамтамасыз ететіндеріне сенімді. 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ 

Хабарламаларға жазылу