АҚШ-та тергеліп жатқан отандасымыз Азамат Тәжаяқов 25 жылға түрмеге жабылуы мүмкін. Кеше АҚШ соты оны ресми түрде «Джохар Царнаевтың сыбайласы» деп таныды.
Ал, сот үкімі қазанның 16-да шығады. Естеріңізде болар, өткен жылы сәуір айында АҚШ-та оқып жүрген қазақстандық екі студент «Бостон марафоны кезінде жарылысқа қатысты айғақ заттарды жасырды» деген айыппен қамауға алынған еді.
АҚШ-тың ақпарат құралдары қазақ студенттері қамауға алынғаннан бастап, оларды түп-тұқиянына дейін зерттеп жаза бастады.
Отандастырымызды «ойнап жүріп от бастыға» келтірді. «The New York Times» басылымы «Қазақстанның мұнайлы өлкесінен келген Тәжаяқов пен Қадырбаев ауқатты отбасынан шыққанға ұқсайды. Бостоннан 60 шақырымдай жерде жеке пәтер жалдап тұрды», деп жазды.
Жарылыс болғанға дейін екеуінің Бостон көшелерінде «Террорист-1» деген жазуы бар көлік мініп жүргенін де анықтады.
Оны дәлелдейтін суреттер ғаламтор бетіне жарияланды. Бұл деректердің бәрі тергеу барысына кері әсерін тигізбей қоймады.
Мэттью Майерс, А.Тәжаяқовтың қорғаушысы:
Мен тағылған айыппен мүлде келіспеймін. Менің қорғауымдағы азамат кінәсіз. Істің мән-жайына ешкім терең үңіліп жатқан жоқ. Шешім осал позициямен қабылданды.
Естеріңізде болса, Федералды тергеу бюросы жарылыстан кейін Диас Қадырбаевтың басты күдікті Джохар Царнаевпен өзара СМС алмасқанын анықтады.
Онда Диас досы Джохарға «Теледидардағы күдiктiлердiң бiрi саған ұқсайды» деп жазған. Ал, ол болса, «маған ештеңе жазбай-ақ қой, бөлмемдегі заттардың көзін жой», деп жауап жазады.
Бөтен ойы жоқ олар Царнаевтың бөлмесiндегі оқ-дәрiнiң бос құтысы мен жарылғыш зат салынған рюкзакты өз пәтерлеріне алып келеді.
Дәл осы сәтте теледидардан Тамерлан Царнаевтың оққа ұшқанын, ал, інісі Джохар Царнаевқа іздеу жарияланғанын көріп, заттарды қоқысқа лақтырып жібереді.
Николас Вулбридж, А.Тәжаяқовтың қорғаушысы:
Азаматқа қатысты деректерге жүгінсек, оның жасаған іс-әрекеттері өзге күдіктілерге қарағанда жеңілірек. Бірақ осының өзіне АҚШ соты ауыр жаза бермекші. Ал, өзге күдіктілердің айғақты заттарды бөлмеден алып шыққанын ескерсек, олардың жазасы қандай болмақ?!
Азаматтың басына іс түскелі әкесі Әмір Исмағұлов Бостонда. Атырау қалалық мәслихатының депутаты болған ол ұлының басындағы жағдайдан кейін мандатынан айырылды.
Оған дейін «Нұр Отан» партиясының қатарынан да шығарылған еді. Кеше Азамат айыпты деп танылған сәтте сот залында ата-анасы мен қарындасы да болды.
Нұржан Айтмаханов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы:
Азамат Тәжаяқовтың тергеу ісіне кедергі келтіргені үшін кінәлі деп тапқан қазылар сотының шешіміне оның адвокаты шағым беруді жоспарлап отыр. Азамат Тәжаяқовтың қорғаушысы шағымды үстіміздегі жылдың 27-тамызына дейін беруі қажет. Шағым бойынша жауабы 22-қыркүйекке дейін берілуі тиіс.
Нью-Йорктегі Қазақстанның консулы барлық сот отырысына бақылаушы ретінде қатысты. Осы іске қатысы бар деп айыпталған екінші қазақстандық студент Диас Қадырбаевтың соты қыркүйекте басталмақ.
Шынар АСАНҚЫЗЫ