Қостанай: Тұрғын үйлердің төбесінен су ақты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай: Тұрғын үйлердің төбесінен су ақты

22.07.2014
Қостанай: Тұрғын үйлердің төбесінен су ақты

Толассыз жауған жаңбыр Қостанай қаласының тұрғындарына жайсыздық тудырды. Бірнеше көпқабатты үйлердің төбесінен су ағып,  жұртты әуре-сарсаңға салып жатыр.

Баспанасы мен дүние-мүлкі бүлініп,  берекесі қашқан тұрғындар кімнен көмек сұрарын білмей дал. Олар өздерінің қиын жағдайға тап болуына табиғаттың «тосын мінезінен» бұрын, жауапты орындардың өз ісіне салғырттығы себеп дейді.

Дәурен  Әбдібек, тілші:

 Толассыз жауған жаңбырдан Қостанайда бірнеше көпқабатты үйдің төбесінен су ағып,  жұртты әбден әбігерге салуда.  Бұл үйден береке кеткеніне 1 айға жуықтады. Төбеден сорғалап су ағып тұр. Тұрғындардың еденді ыдыстарға толтырғаннан басқа қарсы істер айласы жоқ.

Лидия Лампартер жуырда ғана баспанасына жөндеу жүргізіп, қыруар қаржы жұмсаған. Әттең, сол есіл еңбек пен  ақша зая кетті. Үй іші аяқ алып жүргісіз. Қария бірнеше күн ұйқы көрмепті. Көз шырымын алатын құрғақ бұрыш табу мұң.

Лидия Лампартер, қала тұрғыны:

35 мың теңге зейнетақы аламын. Оған мына пәтерді қалай қалпына келтіремін? Қайдан жәрдем болады, кімге барамын, білмеймін.

Узколейная көшесіндегі бұл үйді жөндеу жұмыстары мемлекеттік бағдарлама бойынша 1-маусымда басталыпты. Құрылысшылар ең алдымен ескі шатырды бұзған. Тұрғындар олардың осындай тосын жайларды ескермегеніне наразы.

Виктор , медігер кәсіпорнының өкілі: 

Келісімшарт бар. Сол шарт бойынша шатырды жаңартуға тиіспіз. Біз келісімге сай жұмыс істеп жатырмыз. Ал, жаңбырды тоқтатуға құдіретіміз жетпейді.

Көбеев көшесіндегі бес қабатты үй де жаңбырдан пана болудан қалған.

Людмилла Тезилова, қала тұрғыны: 

Пәтер иелері кооперативіне ай сайын 1000 теңгеден артық ақша төлеймін. Бірақ, істеп жатқан ештеңесі жоқ. Жертөлеміз адам көргісіз. Қыста құбыр жарылып, жылусыз отыратын кезіміз де болады.

Ирина Эйхман, пәтер иелері кооперативінің төрайымы:

Тұрғындар шатырды жөндеуге қосылып ақша жинауы немесе кондоминиумға бірігуі қажет. Ал, бізге ай сайын төленетін ақы тек ағымдағы жөндеуге ғана жарайды. Қазір төбенің тесілген жерлерін бітеп жатырмыз. Бірақ, толық ауыстырмайынша бұдан оң нәтиже шықпайды.

Яғни, Көбеев көшесіндегі үйдің тұрғындары тығырықтан шығу үшін өздері бас біріктіріп, белсенділік танытуы тиіс. Ал, Узколейнаядағылар «материалдық шығынымызды өндіріп алу үшін сотқа шағымданамыз», дейді. Одан қандай нәтиже шығарын уақыт көрсетеді.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу