Қызылжарда қауын-қарбыз бағасы қымбаттап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылжарда қауын-қарбыз бағасы қымбаттап тұр

22.07.2014
Қызылжарда қауын-қарбыз бағасы қымбаттап тұр

Петропавлда қауынның келісі - 200, қарбыз - 90 теңгеден сатылуда. Оның өзінде арнайы нүктелердегі баға осындай, ал, жол бойында сауда жасайтындар қаншаға сатамын десе де өз еріктері.

Жалпы, Петропавл қаласына айына 60-80 тонна қауын-қарбыз жеткізіледі. Оның өзінде бұл өнімдер шілде-қыркүйек айларында ғана сатылады.

Еліміздің оңтүстік облысынан әкелінетін бақша дақылдарының бағасын тұрақтандыру үшін қалалық әкімдік пен базар басшылығы арасында меморандум бекітіліп, өнімнің өзіндік құнынан тек 20 пайыз ғана көтеру туралы келісілген.

Бірақ, сауданың қызған тұсында алыпсатарлар бұған қарамайтын сыңайлы. Өйткені, қауынның көтерме бағасы 100-130, ал, қарбыз 65 теңгеден. Қалалық әкімдіктегілер бұл өнімдер әлеуметтік азық-түлік тізіміне енбейтіндіктен, бағаны ұстап тұруға қауқарсыз  көрінеді.

Шыңғысбек Сұлтанбек, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

Халыққа әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті төмен бағамен сату үшін апта сайын мониторинг жасап отырамыз.  Ал, қияр, қызанақ, қарбыз секілді өнімдерге бағаны тұрақтандыра алмаймыз. Олардың бағаларын нарық көрсетеді, сондай бағаға сатылады.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу