Қостанайлық Мақсұт Бақбасов жүргізушіден кәсіпкерлікке жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайлық Мақсұт Бақбасов жүргізушіден кәсіпкерлікке жетті

23.07.2014
Қостанайлық Мақсұт Бақбасов жүргізушіден кәсіпкерлікке жетті

Бұрынғы жүргізуші - бүгінде кәсіпкер. Қостанай қаласының тұрғыны Мақсұт Бақбасов 2000 жылы қараусыз қалып, қоқыс төгетін орынға айналған автобаза аумағын жекешелендіріп алған.

Бүгінде жүк тасымалымен айналысатын кәсіпкер шаруасын дөңгелетіп отыр.

Мақсұт Бақбасов 90-шы жылдары осы автобазада жүргізуші болып еңбек етті. Кейін қараусыз қалып кәдеге аспай жатқан мемлекеттік мүлікті жекешелендіру кезінде мекемені аукцион арқылы сатып алды.

Кәсіпорынды қайта жандандыру үшін бәрін басынан бастауға тура келді.

Мақсұт Бақбасов, кәсіпкер:

Қоқыстан басқа ештеңе болған жоқ. Оны шығаратын техника да болған жоқ. Жолдастарым көмектесіп, әуелі тазарттық. Кейін банктен несие алып, бір көлік сатып алдым. Оны өтеген соң  екіншісін алдым.

Осылайша, көлік саны біртіндеп көбейіп, қазір 10-ға жетті. Кәсіпорын 15 адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Бизнестің жол картасы»  мемлекеттік бағдарламасының арқасында тиімді несие алып, техника паркін жаңартты. Шеберхана,  цех жұмыс істейді. Жұмыскерлердің жуынып, демалуына арналған монша мен шағын тренажер залы да бар.

 Бұл нысандардың ішінде басқарушылар отыратын кеңсе үйі кезінде қажетті рұқсат құжаттарынсыз салыныпты. 

Мақсұт Бақбасов, кәсіпкер:

Өзіміз салып алдық та, кейін 2006  жылы жекешелендіру кезінде заңдастырдық. Мүлікке рақымшылық елге де, мемлекетке де пайдалы деп ойлаймын.

Мақсұт Бақбасов тәрізді көптеген азамат шарапатын көрген мүлікке рақымшылық науқаны биыл қыркүйектен басталады. Азаматтардың өтінішін жергілікті жерлерде құрылған комиссия қабылдайды.

Бауыржан Ерменов, облыстық Салық департаментінің бас маманы:

Мүлікті заңдастыру үшін бірінші - арыз, екінші - төлқұжаттың түпнұсқасы мен көшірмесі, үшінші - аттестациядан өткен сарапшылардың шешімі, техникалық төлқұжат керек.

Мүлікті жариялауға рақымшылық  - жеке азаматтарға берілген мүмкіндік, ал, ел бюджеті үшін тың кірістің көзі. 2006 жылғы мүлікті заңдастыру кезінде облыс бюджетіне 266 миллион теңге кіріс кірген.

Дәуренбек ӘБІДІБЕК

 

Хабарламаларға жазылу