Петропавлда мемлекетке 551 миллион теңге шығын келтірген қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Олар жалған кәсіпкерлікпен айналысып, салықтан жалтармақшы болған.
Ресей азаматы басқарған қылмыстық топ 5 бизнес субьектісін құрып, 16 миллион теңгені алып жатқан кезде қолға түсті. Бұл туралы Облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті қызметкерлері өткізген баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Ал, тағы бір қылмыстық топ интернет арқылы «Покер» ойынын ұйымдастырып, құмар ойынға қызыққандардың қалтасын қаққан. Қазіргі күні қаржы полицейлері жапа шеккен азаматтарды іздестіруде. Екі факт бойынша да қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Нұржан Нұрғабылов, СҚО Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басқарма басшысы:
Ойынның ішінде басқа субьектілердің карталарын білу жолымен алаяқтық жасап, оларды заңсыз жолмен алдаған. Кейін үлкен мөлшерде қаражаттарын ұтып алған. Қазіргі таңда бұл айғақ бойынша 177-бап, 3-інші тармағымен қылмыстық іс қозғалды.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ