Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында балабақшалар жабылып қалудың аз-ақ алдында тұр. Себебі, қызметкерлер жылдап жалақы алмаған.
Бастапқыда «Балапан» бағдарламасымен қаржыландырылады деген бөбекжайлар соңынан ол тізімге енбей қалыпты. Енді ауыл балаларына тәрбие ошағын ашқан кәсіпкерлер тығырықтан шығар жол таппай отыр.
Мақтаарал ауданының шалғай ауылдары мен халқы тығыз орналасқан елді мекендерінде жаңадан 53 балабақша ашылғанда жұрт бір қуанып қалған болатын. Алайда, жұрттың бұл қуанышы ұзаққа бармады. Балабақшалар өзін-өзі ақтай алмай, тәрбиешілер жұмысын тастап кетуде.
Айнұр Сапарова, «Талшын» балабақшасының әдіскері:
Біз ауданға келдік, әкімшілікке де бардық. Біз айлықты қашанға дейін күтеміз?
Мектепке дейінгі тәрбие орындарының құрылтайшылары болса бәріне жергілікті билік кінәлі, дейді. Айтуларынша, бастапқыда әкімдік жекелеген азаматтарға ауылдардан балабақшалар ашу туралы нұсқау беріп, «Балапан» бағдарламасына енгізіліп, төленеді,- деп уәде еткен.
Уәлихан Мұсабеков, «Сара ана» балабақшасының құрылтайшысы:
Он екі айға ақша алған жоқпыз. Оның жалпы көлемі 513 миллион теңге. Ақша түспеді. Енді өздерің төлейсіңдер, дейді. Осылай кете берсе, 52 балабақша жабылады. Одан басқа жол жоқ.
Марат Әбуов, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары:
Маусым айынан бастап респуликалық бюджеттен қаржы сұралды. Алайда бюджеттік заңнамаларға сәйкес жылдың ортасында қаржы бөлінген жоқ. Бұларға мемлекеттік тапсырыс орналастырылмағандықтан балабақшалардың қызметкерлерінің қарызын төлеу - құрылтайшының міндеті.
Бүгінгі күні құрылтайшыларды сотқа шақыртып, жалақыны мәжбүрлеп төлете бастады. Өңірдің еңбек инспекциясы 53 балабақшаның 14-інде жалақы қарызы бар, деген қорытынды жасады.
Бастар Есқараев, облыстың бас еңбек инспекторы:
Соттың бір отырысы өтті. Жұмысты мәжбүрлеп орындату туралы шешім бүгін шығып отыр.
Айта кетерлігі, өңірдегі тоғыз ауданда «Балапан» бағдарламасының орындалуы тиісті талапқа сай емес. 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндер әлі күнге дейін балабақшалармен қамтылмаған.
Айнұр АҚБАЕВА