БҚО бойынша 1077 жетім бала үй кезегінде тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО бойынша 1077 жетім бала үй кезегінде тұр

25.07.2014
БҚО бойынша 1077 жетім бала үй кезегінде тұр

Орал қаласындағы балалар үйінің түлектеріне арналған  «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінде орын тапшы.  106 орындық  мекемеде 170-тен астам адам тұрып жатыр.

Қазір бұл өңірде ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарды баспанамен қамту өзекті мәселеге айналды. Облыс бойынша 1077 жетім бала үй кезегінде тұр.

Рауза Көшәлиеваның жасы - 30-да. Заңға сәйкес, жасөспірімдер үйінен шығарылуы тиіс еді. Бірақ,  жалғызілікті ананы екі баласымен шығарып жіберуге әкімшіліктің дәті бармапты.

Рауза Көшәлиева, «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің тұрғыны:

Жалға берілетін пәтер болса да қуанамыз. Қажет болса, екінші, үшінші жұмыс істейміз.

Мұнда Рауза сияқты жасы 23-тен асқан 72 адам тұрады. Оларды шығару, басқа баспана бергенде ғана мүмкін. Бұған қазір жағдай жоқ. Мұның өзі екінші мәселені туындатады.

Өмірбай Қалымбетов, «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің директоры:

Облыстық балалар үйінен, сонымен қатар, отбасы үлгісіндегі балалар ауылынан жыл сайын 15-20 бала  шығады. Сол балалар біздің «Шаңырақ» жасөспірімдер үйіне келуі керек. Орын жетпегендіктен, біз ала алмай отырмыз.

Облыстық прокуратура жүргізген сараптамаға сай,  Оралда 400-ден  астам жетім жас пәтер жалдап, тентіреп жүр. Ал, жұмыссыз қалғандары шаһар шетіндегі саяжайларды жағалауда.

 Күрделі мәселе әлеуметтік жетімдер санының артуына себепші болып отыр. Мәселен, соңғы жылдары тастанды атанған 20 сәбидің анасы балалар үйінің тәрбиеленушілері болып шықты.

Оларды мұндай әрекетке баспананың жоқтығы итермелепті. Өз кезегінде жетім-жесірге пәтер бөлу және беру ісінде де кемшіліктер көп.

Халидулла Дауешов, облыс прокурорының орынбасары:

Берілген пәтерлерде жетім балалар санатындағы тұлғалардың тұрмайтыны анықталды. Тексеру нәтижесі бойынша тұрғын үйді қажет ететін жетім балалар арасында қолда бар мемлекеттік қорды қайта бөлуді талап ету арқылы қадағалау актілері енгізілді. Осы жұмысты ұйымдастыруда жіберген қателіктері үшін профилактика субъектілерінің 295 лауазымдық тұлғасы жауапкершілікке тартылды.

Қазір атқарушы билік тарапынан жетім жастарға арнап қалада қосымша жатақхана ашу мәселесі қаралуда. Бұл түйткілдің түйінін тарқатуға талпыныстың бар екенін көрсетеді.

Әзірге жетім жастар тағдырдың тауқыметімен жеке-дара күресуде.

Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу