Көкшетаудағы бірнеше тұрғын үйге жаңбыр суы шығын келтірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетаудағы бірнеше тұрғын үйге жаңбыр суы шығын келтірді

28.07.2014
Көкшетаудағы бірнеше тұрғын үйге жаңбыр суы шығын келтірді

Түнде жауған нөсер жауын Көкшетаудағы бірнеше тұрғын үйге шығын келтірді. Көше бойына  суағар арықтар салынғанымен, нөсер жауынға қаланың коммуналдық қызметі қарсы тұруға қауқарсыз болып шықты.

Ерболат Төлегенұлы, тілші:

Қалмақан Досетов есімді азаматтың  үйінде төтенше оқиға болды. Түнгі сағат 3-тер кезінде қатты жауған нөсер жауын  үйдің іші мен сыртын шайып кетті. «Жергілікті коммуналдық қызметтен ешқандай көмек болмай отыр», деп налиды отағасы.

Қалмақан  Досетов,  қала  тұрғыны:

Жолды ашып, кетіп қалды. Қаланың ішін су алып жатыр, сендерге сосын келеміз деп, содан әлі келген жоқ.

Қалмақан Досетовті  шырт ұйқысынан  оятқан бұл жауын үйдің ішіндегі заттардың бәрін бүлдірді. Жалғыз  Қалмақан емес, қаладағы 40-қа  жуық тұрғын  үйдің иелері жауыннан зардап шегіп отыр.

Сондай-ақ,  көше жолдарын  су басып, көлік қозғалысына қиындық келтіруде.

Марат Нұртазин, облыстық өрт сөндіру және аппаттан құтқару қызметі басшысының орынбасары:

Бұл жерде қазір қозғалыс тоқтап тұр. Көшелерді жаңбыр суы басты. Өз тарапымыздан 4 бірлік техника жібердік.

Абай Қадырәлиев,  қалалық Тұрғын үй және коммуналдық шаруашылығы бөлімінің жетекшісі:

 Бүгінгі күні бізде 18 тазартқыш жұмыс істеп жатыр. Көбіне жер үй тұрғындарының шақыртуы бойынша жұмыс істеуде. Олар Куйбышев, Сәтбаев, Момышұлы көшелері. Суағарлар бар, бірақ, үлгермей жатыр. Жағдайды ушықтырмау үшін жақын жерден терең ор қаздық.

Синоптиктердің де болжауы әзірге көңіл көншітерлік емес, алдағы екі күнде жауынның тоқтайтын түрі жоқ.

Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу