Оралдағы ойыншықтардың сапасы сын көтермейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралдағы ойыншықтардың сапасы сын көтермейді

28.07.2014
Оралдағы ойыншықтардың сапасы сын көтермейді

Қазіргі ойыншықтардың сапасы қандай? Кішкентай тұтынушылардың құқығын кім қорғайды? Оралда ойыншықтардың сапасын тексеруге бағытталған акция ұйымдастырылды.

Балаларымызға қандай ойыншықтарды тарту етіп жүрміз? Бұл сұраққа екінің бірі ойлана бермейді. Тіпті, көпшілік көздің жауын алатын ойыншықтардың өндірушісі кім екенін сұрап, сәйкестік сертификатын да талап етпейді.

Акцияның мақсаты - кішкентай балдырғандардың құқығын қорғап, зиянды ойыншықтардың залалынан арашалауға арналды.

Гүлсара Баесова, Тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасының бөлім басшысы:

Бұл жерде қазір тұтынушылар өздерінің алған ойыншықтарының иісін, дыбысын, сыртқы пішінін тексертіп алуға болады. Балаларға арналған ойыншықтардың сырты мен шеттері қолдарын қысып қалмайтындай тегіс болуы тиіс.

Тұтыну нарығындағы сан түрлі ойыншықтардың баланың өсіп-жетілуіне пайдасынан гөрі зияны көбірек, дейді мамандар. Мұны акция барысы байқатты.

Ұлына деп сатып алған добын тексерткен Сағынтай Байзекенов ойыншықтың құрамында зиянды қоспалардың көп екеніне таңданысын жасырмады.

Сағатай Байзекенов, қала тұрғыны:

Бара жатып сырттан ала салғанмын. Енді ауыстыру керек сияқты. Иісі бар, балаға беруге болмайды, дейді.

Базардағы көп ойыншықтың бағасы арзан, сапасы төмен. Бұған алған дүниесін тексертуге келген тағы бір тұтынушы көз жеткізді.

Айгүл Ершімова, қала тұрғыны:

Екі ойыншық алып едім, мамандар құрастырмалы бөлшектерді құптады. Ал, текшелерді алмастырып ойнайтын кубик-рубик ойыншығының үшкірлігі сәбиіме қауіп төндіретіндігін естіп, алаңдап тұрмын. Сатушы неге ескертпеді екен?

Сондай-ақ, кейбір ойыншықтардың кемшілігі -  қазақ тілінде ақпараттың жоқтығы. Акция барысында 24 ойыншық тексерілсе, соның 15-і құрамы, кескіні бойынша талапқа сай болмай шықты.

Дыбысы тым қатты тағы бір ойыншық қолдануға жарамсыз, деп танылды. Енді мамандар балалар киімдерін тексеруге бағытталған акция өткізуді жоспарлап отыр.

Рауан ДИӘЛИ

 

Хабарламаларға жазылу