Өзгелерге үлгі болған шаңырақ. Қостанай облысының Дәмді ауылындағы Бәйгенжиндер отбасын жерлестері өнеге тұтады. Отау тігіп, түтін түтеткендеріне 40 жылға жуықтаған ерлі-зайыпты Көшек пен Майра, 6 бала өсіріп, олардан 15 немере сүйіп отыр. Перзенттерін жастайынан еңбекке баулыды. Соның арқасында бүгінде жеке шаруа қожалығының жұмысын дөңгелетіп отыр.
Отағасы Көшек анасынан өте жастай айырылыпты. Шаңырақтың отын өшірмейін деп жоғары білім алуға да ұмтылмай, әскер қатарынан оралған соң отау тігіпті. Отанасынан айырылып жылуы қашқан үйдің ошағын жас келін - Майра қайта маздатты.
Майра Бәйгенжина, Көшек Бәйгенжиннің жұбайы:
Атам өзі бар кезінде үйдің шаруасын өзі істеді. Балаларды өсіруге де көмектесті. Үлкен төрт бала ержете бастаған соң, қалған кішілерін сол үлкендері өздері бақты. Мен жұмысқа шығып кеттім.
Көшек Бәйгенжин, отағасы:
Жоғарыда айттым ғой, мен жалғыз өстім деп. Енді менің төрт ұлым, екі қызым бар. Осы балаларым жанымда шүйіркелесіп жүргенде, менен бақытты адам жоқ.
Көшек Бәйгенжин ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен. Ал жұбайы Майра еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, кейін Мәдениет үйінің меңгерушісі міндетін атқарып жүріп зейнетке шықты. Тоқсаныншы жылдардың соңына таман отбасы жеке шаруа қожалығын құрды. Бүгінде бір әулет осы атакәсіптен несібесін айырып отыр.
Данияр Бәйгенжин, Көшек Бәйгенжиннің ұлы:
Мен техника жағын қараймын. Әкеміз керек-жарақты әкеліп беретін жабдықтаушымыз. Ал інім мал жағын басқарады.
Қазір шаруашылықта 50-ге тарта сиыр, жүз қаралы қой-ешкі, 25 жылқы бар. 1000 гектар егістік жердің биыл 700 гектарына дән егілді. Шаруа мемлекеттің қолдауының арқасында табыссыз қалған кезіміз жоқ, дейді.
Көшек Бәйгенжин, отағасы:
Мемлекеттен қолдау көп. Олай болмаса, адам жеке-дара жетістікке жете алмайды. Субсидия аламыз, несие беріп жатыр.
Шаруаның екі ұлы отбасымен бірге ауылда тұрады. Қожалықтың тұрақты мүшелері. Ал қалған балалары қалада тұрғанымен, маусымдық жұмыстар кезінде келіп қолқабыс тигізеді. Егістікті аралауға шыққанда Көшек отағасы қос немересін қасынан тастамайды. Диқаншылықтың қыр-сырын жасынан санасына сіңіре берсін дегені.
Дәуренбек ӘБДІБЕК