Ақмола облысында 10 қарттар үйі бар. Солардың бірі Шучье қаласында орналасқан. Бұл медициналық-әлеуметтік мекемені 103 қария паналауда. Солардың бірі – Кенжеболат Салықов.
Талай жылын теміржол саласына арнаған ақсақал бүгінгі таңда қаусаған қара шалдың күйін кешіп, қалған ғұмырын қарттар үйінде өткізуде.
Кенжеболат Салықовтың екінші рет отасқан әйелі осыдан бес жыл бұрын қайтыс болады. Алғашқы некеден бір баласы бар. Қартайғанда қасына сүйеніш болар жан табылмай, жалғанда жалғызсырап қалды. Кәріліктен жүріп-тұруы қиындады. Өлместің күнін кешіп енді Шучье қаласындағы қарттар үйінде тұрып жатыр.
Кенжеболат Салықов, қарттар үйінің тұрғыны:
Баламмен кішкентай күнінде айырылысып қалғанбыз. Содан білмеймін, не болғанын. Ауырдым, сосын жағдай мүлде келмеді.
Ал, мына ақсақал Дәулетбай Құрмаязов. Әйелі неміс. Екі баласы бар. Үлкен баласы үгіттеп, әуелде Германияға көшіп барады. Алайда, ол жақтағы күнкөріс Дәулетбай ақсақалға жақпай, жалғыз өзі елге қайтады. Туыс-туғанға масыл болмайын деп 2004 жылы осы қарттар үйіне келеді.
Дәулетбай Құрмаязов, қарттар үйінің тұрғыны:
Балалар болмады барайық, деп. Жарайды жағдай жасалса, сосын барсақ барайық, дедік. Халықтан сұрадым, «ол жақта жақсы тұрады», деді. Өтірік бәрі. Жұмыс жоқ. Ол жерде жастар ғана жұмыс істейді. Оның өзі зорға тауып алады.
Біз қарттарын құрметтеген ел едік. Алайда, өкініштісі сол, кейінгі уақытта біздің кейіпкерлеріміз сияқты қазақтың ақсақалды аталары мен ақ жаулықты әжелерін қарттар үйінен жиі кездестіретін болдық.
Майра Ермағанбетова, жалпы үлгідегі қарттар мен мүгедектерге арналған Щучье медициналық-әлеуметтік мекемесінің медбикесі:
Көбейіп келе жатыр. Осыдан алты жыл бұрын алты адам болатын. Қазір қазақтардан 17 қарт бар.
Мұндағы қарттар үйі толықтай мемлекеттен қаржыландырылады. Жағдай жасалғанмен, мұндағы қариялардың көбі ең құрығанда, немересінің маңдайынан бір иіскесем, деп армандайды. Алайда, бала-шағадан келмек түгіл, хабар да жоқ.
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ