Қызылжарлықтар жеміс-жидек теріп, саудаға шығаруда. Жаңбыр молынан жауып, ой мен қыр бүлдірген мен шиеге толды. Орманның ішіндегі саңырауқұлақтан аяқ алып жүру қиын. Жеміс теріп, саудаға шығаруды кәсіп қылған теріскейліктер бұған қуанышты. Бірақ, малға шөпті дер уақытында шаба алмаған шаруалардың қабағы қатулы.
Татьяна Володина - Красная Горка ауылының тұрғыны. Жаз келіп алқада жидек қызарысымен шелегін асынып жорыққа шығады. Қыркүйекке дейін бүлдірген, қарақат, қалмақ пен саңырауқұлақ теріп саудалайды. Табысы да жаман емес. Екі аптаның ішінде 25 мың теңге нәпақа тауыпты.
Татьяна Володина, ауыл тұрғыны:
Қай орманға барсаң да, жеміс те бар, жидек те бар. Біздің ауылдың қыз-келіншектері көбіне осымен күн көреді. Теріп, жолдағы жүргіншілерге сатамыз. Іздеп келіп алушылар да бар, адамдардың барлығының бірдей қолдары тимейді ғой, сосын бізден сатып алады.
Сағындық Сәбитұлы, тілші:
Ылғалды жақсы көретін қалмақ та биыл көп шыққан. Қас-қағым сәттің өзінде бір уысын жинап үлгердім. Одан басқа ормандарда саңырауқұлақ жидектер де өте көп.
Ал, бұл орман кезіп, саңырауқұлақ теріп жүрген әжелер. Жаңбырдан соң қайыңның бауырында жеңсік асының қаптайтынын жақсы біледі.
Раиса Сакаева, ауыл тұрғыны:
Мына саңырауқұлақ «Сырой» деп аталады. Өзі тап-таза болып өседі, өте дәмді. Мен негізінен осы саңырауқұлақты жинаймын. Жалпы биыл өте көп, менің әпкем жинап, сатып та жүр.
Жаңбыр көп жауып, жеміс-жидек мол пісті, дегенге биыл шаруалар аса қуана қоймады. Өйткені, шалғысын шыңдағанымен, пішенге түсе алмады. Ылғалдан шөп жығылып, трактор түгіл, адам кіре алмайды. Тек бүгін ғана шілде бойы түнерген аспан, сәл ғана қабағын ашқандай.
Григорий Соловьев, ауыл тұрғыны:
Жылда шөпті сатып алатынмын. Биыл тракторлар әлі шабындыққа түскен де жоқ. Болмаған соң құрғақтау деген жерге өзім келіп, шалғымен шауып жүрмін. Аз да болса, бұл да малға азық қой.
Жаңбыр ырыс әкеледі, дегенмен несібесін жерден тапқан диқандар қауымы да қобалжулы. Өйткені, бір айға созылған нөсер алқаптағы бидайдың ішінде септариоз ауруының қаптауына әсер еткен. Ал, оны дәрілеуге ауа райы дес берер емес. Ендігі амалдары күннің ашылуын күту ғана.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ